«АЛЖИР»  МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕНІ

«АЛЖИР»  МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕНІ

«АЛЖИР» мемориалды мұражай-кешені Ақмола облысы, Целиноград ауданы Ақмол елді мекенінде орналасқан.

«АЛЖИР» (Акмолинский лагерь жён изменников Родины) мемориалды-мұражай кешені 2007 жылы 31 мамырда бұрынғы Ақмола «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері аумағында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды.

КСРО НКВД-ның 1937 жылғы 15 тамыздағы 486-бұйрығы негізінде Қарағанды лагерінің («Карлаг») 26-бөлімшесі ретінде ашылған лагерде «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпаған 20 мыңнан астам әйел «жазаларын өтеді». Лагерде С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б.Майлиннің жары Гүлжамал, Т.Рысқұловтың зайыбы Әзиза сияқты қазақ зиялыларының әйелдері отырды. Мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Салдарынан темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. АЛЖИР-де дүние есігін ашқан немесе аналарымен бірге еріп келген сәбилер үш жасқа толғанда балалар үйіне жіберілді.

АЛЖИР 1950 жылдың басында таратылып, оның тұтқындары басқа түрмелерге ауыстырылды, мерзімін өтегендер босатылды. Жалпы «қасірет пен азап» лагерінде 8000 адам қиыншылықты бастан кешірген. АЛЖИР туралы тек 1980- жылдардың соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –453-455-бб.