ОҚЖЕТПЕС ЖАРТАСЫ

ОҚЖЕТПЕС ЖАРТАСЫ

Оқжетпес Көкшетау қыратының ең биік жері Көкше жанында орналасқан. Гранитті жартастан түзілген, беткейі тік, қарағай, қайың өседі. Әулиекөлдің тұнық айдынында тұрған Оқжетпес жартасы туралы ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Шоқан Уәлиханов 15-тен аса аңыз-әңгіме жинақтаған. «Көкшетау» атты лирикалық поэмасында Сәкен Сейфуллин тұтқынға түскен қалмақ қызының қайғылы тағдырын Оқжетпес арқылы суреттейді.

ОҚЖЕТПЕС ЖАРТАСЫ

 

Қазақ пен қалмақ бір-бірімен жауығып жүргенде Хан Абылай бір сәтті жорықтан Бурабайға үлкен олжамен қайтып келеді. Бір биік жартастың жанына тоқтап, қолға түскен мүлікті молынан және әділетті түрде жігіттеріне үлестіріп береді, бірақ сарбаздардың арасында тұтқынға түскен жас ару қалмақ қызына таласып дау-жанжал басталып кетіпті. Хан тұтқын қызды өзіне алдырып: «Алдыңда бірінен-бірі өткен ержүрек сарбаздарым түгелімен тұр. Қай-қайсына қоссам да әрбірі де соған лайық, сондықтан бүгін саған зор құрмет көрсетіп, жар таңдау құқын өзіңе  бердім!», – деген екен. Сонда қыз: «Құдіретті хан ием, көрсеткен құрметіңе рахмет! Таңдау менде болса, сыңарым ең беделді азаматың болсын. Менің мына аппақ орамалым анау жылтыр жартастың ең құзар шыңына ілінсін. Орамалға қай сарбазыңның оғы жетсе, соған өмірлік жар боламын!», – депті. Хан жарлығын орындамақ болып тұра ұмтылған жігіттер белдеріне арқан орап, құзар шыңның ұшына орамалды тіккен екен. Қайсар қыз сайысты құзар шыңның шоқысына шығып қадағалауға ханнан рұқсат сұрайды. Сарбаздар жебелерін бірінен соң бірін аспанға атқылағанмен, бірде-бірі нысанаға жетпей, даурығып жүргенде, елінен, жерінен айырылған ару құзар шың басынан Әулиекөлдің көгілдір тұңғиығына қарғып кетіпті. Сол аты аңызға айналған шыңды халық «Оқжетпес» деп атаған екен.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –45-47 бб.