Археологиялық кешен Алматы облысының Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде орналасқан. Хронологиялық мерзімі: б.д.д. ХIV ғ., б.д. VI –VIII ғғ. аралығын қамтиды.
Тамғалы петроглифтері немесе Таңбалы тас кешені – Жетісудың ең көне ескерткіштерінің бірі. Археологиялық кешен түрлі тарихи кезеңдерге қатысты 5000-нан аса петроглифтерді және қоныстар, қорымдар, оба-молаларды, құрбандық шалу, тас уату орындары сияқты басқа да бірнеше ондаған ескерткіштерді қамтиды.
Кешеннің неғұрлым құнды бөлігін орта қола дәуіріне жататын петроглифтер құрайды, олар тайпааралық ғибадат орнымен тікелей байланысы бар деген болжамды айғақтайды. Зерттеушілер петроглифтердің жоғары эстетикалық құндылығын және зерттеушілердің «Таңбалы петроглифтерінің ерекшелігін анықтауға мүмкіндік берген эмоционалдық дәрежесі мен рухани әсерін атап көрсетеді. Тамғалы – бұл ежелгі шығармашылық көрме, оның суреттерінде адамдар мен жануарлар, ежелгі адамдардың өмір қалпы бейнеленген. Петроглифтертің ішінде ежелгі құдайларды бейнелеген дөңгелек, тамға, дұға жазбалары, салттық билер көрінісі, керемет түйелер бейнесі, доңыздар бар. Қазақстан тарихында із қалдырған көптеген халықтар үшін Тамғалы шатқалы әулие жер деп саналып, салттық рәсімдер жүргізілді, құдайға табыну, ата-баба рухына тағзым жасалды. Аспан астында біріккен сарай болды.
2003 жылғы 14 қазанда Алматы облысы Тамғалы шатқалында жалпы ауданы 3,8 га «Тамғалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени, табиғи қорық-музейі ашылды. 2004 жылы Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандары тізіміне енді.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –73-74 бб.