Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылының орталығында орналасқан. Көне заманнан келе жатқан, тастан қаланып салынған ескі зираттардың астын үңгіп, тас қабырғаларды жарып шығып, тамшылардан құралып ағып жатқан бұлақ. Тамшыбұлақ табиғаты өте шұрайлы жерде орналасқан. Бұлақ қойнауы қысы-жазы көк шөптермен көмкеріліп, суықта бұлақ суы қатпай, тамшылап ағып тұрады. Бұлақтың аты осыдан шыққан. Бұлақтың мөлдір суын жергілікті тұрғындар көне заманнан бері әртүрлі ауруларды (көз, асқазан, сүйек – буын, жүйке аурулары және т.б.) емдеуге қолданған.
Тамшыбұлақтың суы адам денсаулығына шипалы һәм пайдалы екенін ғалымдар да мойындаған. Тамшыбұлақты алғаш рет зерттеп, сол туралы тарихи деректерді 1859-1865 жылдары атақты саяхатшы, этнограф Ш. Уәлиханов жазған. Ш. Уәлихановпен бірге Н. Потанин, Семенов-Тянь-Шяньский болып, бұлақтың өзіндік қасиетіне таң-тамаша қалған.
Киелі жерге келіп, табиғатына таңғалған ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон Алатау бөктерінде дүниеге келген ұлының атын Алатау Тамшыбұлақ деп қойған. 1869 жылы Санкт-Петербург қаласында «Вокруг света» журналында Қапал өңірінің табиғаты мен шипалы сулары туралы алғаш сипаттама беріп, мақала жариялаған. Шипалы су әлі күнге дейін өз қасиетін еш жоғалтқан емес.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –66-67 бб.