Қазақтар «Аспантау» дейтін Тянь-Шань тауының биік шыңдарының бірі – Хан Тәңірін білмейтін адам жоқ. Ол шың қазақ, қырғыз және қытай елінің шекарасы түйіскен жерде орналасқан. Оның оңтүстік-шығыс жағы Қазақстан Республикасына, шығыс жағы Қытай Халық Республикасына, батыс жағы Қырғызстан Республикасына қарасты. Ең биік нүктесі 7000 метрден асатын бұл шың – әлемдегі ең әдемі шыңдар қатарына жатқызылады. 1960 жылға дейін жергілікті тұрғындар тілінде Хантеңгір деп аталып келсе, қазіргі әдеби тіліміздің жазылу нормасына сай Хан Тәңірі деп жазылып жүр.
Ол үшкір төртқырлы пирамида түріндегі әлемнің аса әсем шыңдарының бірі. Бір жағындағы шүбәсіз мәрмәр қабырға анадайдан көз тартады. Хан Тәңірі шыңының солтүстік-батыс жағында Алматы облысы орналасқан. Шыңның биігіне жету үлкен Оңтүстік Иныльчек (Қырғызстан) және Солтүстік Иныльчек мұздықтары арқылы жүзеге асырылады. Тамыз айының ортасына дейін Солтүстік Иныльчек мұздығына барар жолды, сырға толы мұзды көл Мерцбахера (3400 м.) жауып тастайды, ол кенеттен толысып пайда болады да, бір сәтте жоқ болады.
Хан Тәңірі алғаш рет, осыдан 1200 жыл бұрын Қытай хроникаларында атап өтілген болатын. Хан Тәңірін бірінші болып Петр Семенов, кейін Семенов-Тянь-Шаньский баяндап суреттеген. Хан-Тәңірінің шыңына 1931 жылы бірінші болып, пирамиданың оңтүстік жағымен шыққан адам, украиналық альпинист М.П.Погребецкий болды. Бұл маршрут бүгінгі күндері де классикалық маршрут болып саналады. «Хан Тәңірі» шыңына шығу – әлемнің көптеген альпинистерінің алдына қойған мақсаты. Шыңына 10-нан астам маршрут жүргізілген.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –51-53 бб.