Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым, Талғар ауданынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Шарын шатқалы – Қазақстанның ең көрікті мекендерінің бірі. Ұзындығы 200 км, ал тас сілемдердің биіктігі – 150 метрден 300 метрге дейін жетеді. Туристердің қызығушылығын оятқан «Мұнаралар аңғары», ұзындығы – 2 км, ені – 20-80 м. Шарын шатқалын Америкадағы үлкен шатқалдың інісі деп салыстырып жатады. Жергілікті халық шатқалды «қорғанды қамалдар аңғары» деп атайды. Жабайы аңдардың бейнесі арқылы бұл аймақта палеолит дәуiрiндегі құс-жануарлардың мекендегенін аңғаруға болады.
Шарын – төбесі көкке тиіп тұрған үлкен тастар өздігінен салынған ертегілер қаласын еске түсіреді. Оның пішіндері қолдан салынған ғимарат, мұнараларға қатты ұқсайды. Шарын шатқалының «Австралия Ұлттық саябағы» мен «Аризон толқынына» ұқсайтын белгілері бар. Шатқалдың төменгі аралығында бөріқарақат (барбарис) тораңғы терегі жайлап өседі. Шарын өзенінің сағасында шағын орман бар. Аймақта 1500-ге жуық өсімдік түрі өседі. 2005 жылы каньон аумағы мен шаған орманына қорық жасалып, қазіргі таңда «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Шарын ұлттық табиғи саябағы аумағынан геологиялық замандарда кеңінен таралған, кейіннен жойылып кеткен өсімдіктер мен жануарлардың (піл, мастодонт, мүйізтұмсық, стенон жылқысы, т.б.) қазба қалдықтарының танымдық маңызы зор.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –56-57 бб.
Қасиетті Қазақстан. https://www.youtube.com/watch?v=DmIbKDEtWD0