ҮКАШ АТА КЕСЕНЕСІ

ҮКАШ АТА КЕСЕНЕСІ

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылдық округының солтүстігінде орналасқан. Хронологиялық мерзімі:ІХ-Х ғғ.

Үкаш сахаба біздің даламызға ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. «Үкаш ата» туралы халық арасында аңыз-әфсаналар аз емес. Есімін Укаша ата деп те атайды. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сақабасы, соңғы пайғамбар әулетінен шыққан, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаш ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін, қасиет дарыған, алып денелі батыр болған. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Үкаш атаның пайғамбарымыздың сахабасы болумен қатар шығу тегіне байланысты құнды мәлімет бар. Оның шығу тегі түркі екендігін көрсетеді.

 Қасиетті саналатын құдық суы жерасты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Әулиелік қасиет адамзаттың рухын тазартса, ақ бұлақтар адамзаттың шөлін қандырып, тәнін тазартады. Үкаш ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған. Құдықтың тереңдігі 22-25 м құрайды. Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Мұнда келген әрбірадам бірінші Үкаш атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқиды. Онан кейін барып тау басындағы құдыққа барып су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралды.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –164-166 бб.