САЙРАМ ҚАЛАШЫҒЫ

САЙРАМ ҚАЛАШЫҒЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы орталығының оңтүстік-батысында, Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан. Хронологиялық мерзімі: VІІ-ХVІІ ғғ.

Ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің кіндік қаны тамған топырақ Сайрамның тарихи атауы – Исфиджаб. Исфиджаб округі Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын және Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж бен Берукей қалаларын, Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын қамтыды.XV-XVIII ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болды.

XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігін қоршаған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады.Сайрам жайлы мәлімет Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам –Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген.Исфиджаб қалашығын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам зерттеді.

Қалашықтың ішінде көптеген кесенелер сақталған. Ең көнесі – Мәлік баба кесенесі. Исфиджаб (Сайрам) тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды.

Сілтеме: 1.Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант,  2017. –144-145 бб.

2.Қасиетті Қазақстан.