Өлкейек өзені бойымен өтетін көне дала жолының бойына орналасқан үлкен қорым-зират (XVIII ғ. ортасы – XX ғ. ортасы) Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Толыбай елді мекенінің маңында орналасқан. Қорымның эпонимінің қалыптасуына Қазақстанның XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы аса ірі саяси және мемлекет қайраткері, қолбасшы, 1718-1748 жылдары билік құрған Кіші жүздің ханы – Әбілқайыр ханның (1693–1748) жерленуі себеп болды.
Әбілқайыр хан – XVIII ғасырдың 20-шы жылдары қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінің негізгі басшыларының бірі. Қазақтың алғашқы хандарының бірі Жәнібектің ұрпағы. Әбілқайыр жас кезінде Түркістанда тұрып, Тәуке ханның ықпалында тәрбиеленді. 1726 жылы Ордабасындағы әйгілі кеңесте жалпықазақтық әскердің бас қолбасшысы болып сайланады. Оның басшылығымен 1727 жылы Ұлытаудың оңтүстік батысындағы Бұланты және Білеуті өзені аралығында, 1730 жылы Балқаштың оңтүстік жағалауындағы Аңырақайда қазақ әскері шешуші жеңістерге жетеді. 1731 жылы Әбілқайыр Кіші жүз ханы ретінде Орта жүздің жекелеген сұлтандарымен бірге Ресей империясының бодандығын мойындайды. Даладағы билік үшін болған күрделі тартыстың нәтижесінде, 1748 жылы тамызда Өлкейек бойындағы жайлауда Әбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан қаза тауып, сол жерге жерленеді. Хан қабіріне шағын кесене тұрғызылып, ағаштар егіледі. Алайда кесене құлайды да, 100 жыл өткен соң моланың негізгі белгісі жалғыз ағаш ХХ ғасырдың ортасында жойылып кетеді.
Хан моласына қысқаша сипаттама мен деректерді Н.Рычков (1771), ХІХ ғасырда А.И.Левшин, Д.Беркімбаев, т.б. жазып қалдырған. Қорымды зерттеу мен іздестіру 1983 жылдары басталып, араға үзілістер салып, 1998, 2001, 2007–2010 жылдары жалғастырылады.
Мемориалдық кешеннің аумағы 16 га кем емес. 2001 жылы қорым аумағында 942 қабір анықталды. Негізінен, олар – қабірлерден қалған төмпешіктер, шикі кірпіштен тұрғызылған қоршаулар мен кесенелер орнында қалған («төртқұлақ» тамдар мен «үйтамдар») төмпешіктер. Қорым аумағында 40-қа жуық тастан қашалған ескерткіштер табылды, олардың көпшілігі – «көктастар» мен «самарқантастар». Бұл ескерткіштердің басым көпшілігінде тасқа жазылған жазулар бар, олар ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы кезеңге жатады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –338-340 бб.; Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –124-б.