ТЕМІР МЕШІТІ

ТЕМІР МЕШІТІ

Темір мешіті ХХ ғасырдың басында салынған төртбұрышты (10х22 м), екі қабатты құрылыс болып табылады. Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласында орналасқан.

Мешітті Ақтөбе облысы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін паспорттау мақсатында ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі – С.Әжіғалиев) зерттеген. М.Кемешовтың «Тарихы терең Темір» атты кітабында Темір мешіті туралы деректер бар.

Мешіттің қабырғасы өңделген қоңыр текше тастардан балшықпен қаланған. Солтүстік бетінде сегіз қырлы мұнарасы ағашпен жабылып, қаңылтырланған, ұшар басы алты жақты тіктөртбұрыш тәрізді, оған жарты айшық орнатылған. Осы бетте жарты күмбез тәрізді, жабылған құбыла мінәжат қуысы орналасқан. Ішкі беті үш қызмет бөлмесіне бөлініп, орталықтағы екі қабат намаз бөлмесі мен шығар есікке жалғасқан.

Мешіт 1905 жылы Орынборлық көпес Мәжит Батқұлұлының қаржылық көмегімен Темір қаласында бой көтереді. Алайда оған жергілікті жердегі би, болыстар, шолақ белсенділер тыныштық бермейді. Ақырында Мәжит Батқұлұлы жергілікті мешітке ие болатын имам іздестіреді. Діни сауатты имандылықты уағыздаушы Ахмет халфе мешітке ие болып қызмет етеді.

Ахмет Қазан, Уфа медресесін тәмамдап, халфе атанған, діни білімі жоғары адам болған. Темір қаласының өркендеуіне, заманның қиыншылығына қарамай діннің халық арасына жайылуына, қадір-қасиетінің өсуіне осы сауатты жанның көп әсері болып, халық арасында Ахмет халфе атанды. 1926 жылы Уфада өткен мұсылмандар съезінің делегаты болды. Ахмет халфеге Батыс Алашорда үкіметі діни басқармасының төрағасы болған Ахмет Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқайдың досы Сағидолла Ізтілеуовпен бірге халық арасында дінді насихаттадың деген айып тағылады. 1937 жылы ату жазасына кесіледі.

 

Сілтеме:Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –128-б.; 2. Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана: 2018. –113-б.