Хазіреттің мешіті Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Қарабұтақ ауылында орналасқан. Мешіт құрылысы әуелде екі қабатты (бірінші қабатында намаз оқитын үлкен залы, кіре берісі, тағы бір бөлме) болған. Екінші қабатында балаларға білім беретін медресе және құран кітаптары сақталған. Мешітті кім салғаны белгісіз. Кеңес үкіметі кезінде бұл мешіт клуб қызметін атқарған. Кейіннен мектеп, мектептің спорт залы болды.
«Ақтөбе энциклопедиясында», Дүкенбай Досжанның 1994 жылы жарық көрген «Абай айнасы» кітабында, Ана-тілі газетінің 2011 жылғы санында Нұрпейіс хазіреттің өмірі және мешіті туралы ақпараттар бар.
Нұрпейіс хазірет – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама ғалым.
Нұрпейіс Байғараұлы қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының Қаратөбе, Томарөткел елді мекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейіннен білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесіне барып 6 жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында 4 жыл оқып, өте сауатты болып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петербургке барып Ақ патшаның қабылдауында болады. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді.
Нұрпейіс хазіреттің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығы болады. Қарғалының Қарабұтақ ауылына қоныстанған Нұрпейіс хазірет мешіт салу жұмысын бастайды. Адамдармен тіл табысу арқылы құрылысқа қажет жабдықтарды Башқұртстан жерінен алдырған. Ол мешіт Қарабұтақ өзенінің арғы бетінде орналасқан екен. Жылдың кей мезгілінде ауыл тұрғындарына мешітке бару қиындыққа соққандықтан, 1905 жылы ауыл орталығына Сафа ишан жаңа мешіт салғызады.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –117-б.; Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –94-б.