БАЙЗАҚ ДАТҚА КЕСЕНЕСІ

БАЙЗАҚ ДАТҚА КЕСЕНЕСІ

Байзақ батыр кесенесі Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жердегі «Байзақ сүресі» деген жерде орналасқан. Жерленген қабірі ХХ ғасырдың басына қарай толығымен қираған. Оның орнына 2000 жылы монолитті бетоннан жергілікті дәстүрлі ғұрыптық сәулет өнеріне тән кесене соғылды.

Кесене алты қырлы болып, ашық түсті күйдірілген кесектен өрілген. Үсті биік барабанды, сфералы, бір күмбезді, орталық композициялы болып, метал құрылым арқылы жабылған. Сыртқы қасбетінде кесенеден жіңішкелеу келген аркалы кіреберіс қақпасы бар. Кесенеде биіктігі 0,9 м құлпытас пен мәрмәр тақта орнатылған. Құлпытас ескі қабірдің кірпіштерінен қаланған.

Байзақ Мәмбетұлы (1789-1864) – батыр, би, қазақ халқының қоқан әміршілеріне қарсы күрестің белсенді мүшесі. Абылай ханның сенімді серігі, аты аңызға айналған Мәмбет Құндасұлы батырдың ұлы. Байзақ жас кезінен ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен дарынының арқасында ел-жұрты мен руластары арасында жоғары беделге ие болған. Қоқан үкіметі тарапынан да құрметке ие болып, оған салық төлеуден босатуға құқық беретін құрметті «датқа» атағын берген.

Байзақ батыр көшпелі малшылар арасында отырықшылық пен суармалы егіншілікті игеру үдерістерін жүзеге асыруды ұйымдастырушы ретінде де белгілі. 1860 жылы Байзақ датқа Қоқан әскерлерімен бірге генерал Г.А.Колпаковский бастаған орыс әскерлерімен болған Ұзынағаш ұрысына қатысқан, кейін туған жеріне оралып, қоқандықтармен тығыз байланыста қызмет атқарады. Қоқан үкіметінің жергілікті көшпелі халыққа көрсеткен езгісіне шыдамаған ол1864 жылы жазда Әулиеата маңына орналасқан орыс әскерлеріне баласы Ақмолда арқылы қоқандықтарға қарсы күресте бірігуге ұсыныс жеткізді. Қазақ биінің мұндай әрекеті туралы білген Қоқан билеушісі молда Әлімқұл Байзақты ұстап Ташкентке алып келуін бұйырды. Осы жылы Әлімқұлдың жеке бұйрығымен 75 жастағы Байзақ датқаны тірідей зеңбіректің аузына байлап, атып өлтіреді.

Ел арасында батырдың есімі мен ерлігі дәріптеліп, өнегелі өмірі кеңінен насихатталуда. Батырдың басына орнатылған кесене қасиетті орынға, көпшілік мінәжат ететін нысанның біріне айналған.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –358-360 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –29-б.