МЕРКІ-ТҮРКІ ҒҰРЫПТЫҚ КЕШЕНІ

МЕРКІ-ТҮРКІ ҒҰРЫПТЫҚ КЕШЕНІ

Түркі дәуіріне жататын ғұрыптық кешеннің құрамына Жамбыл облысы Меркі ауылының солтүстік шетіндегі обалы қорым мен петроглифтер және Сандық шатқалында орналасқан түркі дәуіріне жататын ғибадатхана мен басқа да тарихи-мәдени ескерткіш нысандары кіреді. Сақ тайпаларының жерлеу орындары мен ортағасырлық түрік дәуіріне дейінгі аралықты қамтитын тас мүсіндер, жартас суреттері мен таңбаларды қамтитын көне ғұрыптық ескерткіштер тұтас кешенді қамтиды.

Ежелгі түріктер заңғар көкті, жер мен суды тіршіліктің көзі деп білген. Олар бар болса молшылық бар, ал оның  құдайы Ұмай деп құрмет көрсеткен. Барлық қоршаған орта: тау, бұлақ, ағаш, жан-жануарлардың рухы бар деп саналып, табыну нысандары болды. Сондықтан олар тіршілігіне жайлы мекенді киелі жер санап, құрмет тұтты. Ата-бабаларының құрметіне арнап тас мүсіндер мен балбалдар орнатты. Ол жерде табиғи және өмірлік циклдің қайталанып келетін уақыттарда, жыл мезгілі ауысқан кезеңдерде мейрамдар өткізіп, осы бір ерекше сәттерді еске саларлық суреттер салған. Кейін осы жерге келіп салт-жоралғылар өткізіп, еске алған. Міне, дәл осындай тарихы терең, табиғаты тамаша, қасиетті өңірдің бірі – Меркі жері. Осынау өлкені бағзы замандардан бері мекен еткен ежелгі тұрғындардың артында тұрмысы мен тіршілігінен хабар беретін ескерткіштер қалған.

Орталық Азияның далалық мәдениетіне тән жерлеу орындары мен қайталанбас өнер туындылары түркі халықтарының ерекше культтік және мемориалдық ескерткіштері болып табылады. Түрік қоғамының өкілдері ұлы тұлғалар өмірден өтсе де өз ұрпақтарына қамқорлық жасайды деп сенген, сондықтан олардың Тәңіріне ұшып кеткен рухына табынудың басты мақсаты қоғамдағы тыныштық пен аман-саулықты сақтау туралы жалбарыну рәсімдерін ғұрыптық кешендерде өткізді.

Кешен облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне және 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –130-133 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –70-б.a