ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА КЕСЕНЕСІ

ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА КЕСЕНЕСІ

Шанышқылы Бердіқожаның кесенесі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Темірші ауылында орналасқан. Батырдың өлімі туралы әрқилы дерек бар. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев дерегінде «Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына: «Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атаңдар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер» деген екен.

 

Шанышқылы Бердіқожа батыр (1708-1786) – Абылай заманындағы жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған батырлардың бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, Бердіқожаның ержүрек қолбасшы және қабілетті елші болғанын аңғарамыз. Бердіқожа батырсыз хан кеңесі өткізілмеген, жорыққа да шықпаған. 1723-1727 жылдары жоңғар қонтайшысы Севан Рабданның 100 мың адамдық қалың қолы қазақ жеріне қайтадан жойқын шабуыл бастағанда Хан Абылайдың қасында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлармен қатар Бердіқожа батыр да қол бастап, өлшеусіз үлес қосты. Мәшһүр-Жүсіп бабамыз «Абылай заманындағы ең атақты, сенімді батырлардың бірі болған» деп сипаттайтын Бердіқожа сол соғыста ойраттардың бірнеше батырын жекпе-жекте жер жастандырғаны, әскерін шабуылға шебер ұйымдастыра білгендігі халықтың жыр-дастандарында айтылады.

Бердіқожа батыр жоңғарларға қарсы Бұланты және Аңырақай шайқасына, ал 1756 жылы Абылай хан әскерінің құрамында Қазақ жеріне басып кірген қытай әскерлеріне қарсы жорыққа аттанады. «Бердіқожа батыр» атты дастанда белгісіз автор: «Қандасқан дұшпаны – қытайлықтар мен қара қалмақтар» (жоңғарлар – авт.) деп жазады. 1771 жылы көктемде Сарыарқа даласы арқылы өтіп, жоңғарлардың босап қалған кең-байтақ жерін иеленбек болған Еділ қалмақтарына қарсы «Шаңды жорық» шайқаста қол бастаған Бердіқожа батырдың қолы қалмақтардың 40 мың әскерін ойсырата жеңеді.

Қазақ хандығының мүддесін қорғау жолында батыр Қытай, Ресей және Қырғыз елдерімен мәмілегерлік келіссөздер жасаған. 1783 жылы 13 шілдеде алғашқы рет Ертіс шекаралық шебіне, Семей бекінісінің коменданты, Ресей әскерінің капитаны, ғалым И.Андреевке келеді. Атақты қазақ батырының Ертіс өңіріндегі патша өкіметі жандайшаптарының ниетін білмекші болып келген сапары, И.Андреевті қатты таңғалдырды. И.Андреев 18 жыл бойы Бердіқожа батырдың Алатау қырғыздарын Оңтүстік-шығыс және Оңтүстік Қазақстанның аумағына шекарадан бері өткізбей ұстап тұрғанын жазған.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант,  2017. –310-312-бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –128-б.