ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Шортанбай ақынның кесенесі Шет ауданы Ақсу Аюлы ауылынан оңтүстік-батыс бағытта 6 шақырым жерде орналасқан. Кесене жоспары бойынша дөңгелек, күмбезді болып келеді. Күмбезі ішінен ағаш діңгектермен бекітілген. Сондай-ақ, ағаш діңгек кірер есіктің маңдайшасын да бекітіп тұр. Камераның ішінде, бұрыштарында арка тәріздес қуыстар орналастырылған.

 

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – өз дәуірінің шындығын жырлаған төкпе ақын, әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ол бүкіл саналы өмірі мен бойындағы ақындық асыл дарынын туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін, оның ертеңгі болашағының мән-жайын жырлауға арнады, өзі куә болып отырған заманның кеселдерін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге аянбай атсалысты. Ақын белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды.

Ақын өлеңдерін тұңғыш жариялаушы – академик В.Радлов. Қазан қаласында Шортанбайдың өлеңдер жинағы жарық көрсе, кешегі Кеңес өкіметі тұсында шығармалары әр алуан жинақтарда басылып келді. «Шортанбайдың бала зары» (Қазан, 1888-1916 жылдар аралығында), «Зар заман», «Заман ақыр» шығармалары В.В.Радлов жинақтарында, «Ерден батырға айтқаны» Ы. Алтынсариннің хрестоматиясында (1879) жарық көрді. Кеңес заманында толғаулары мен айтыстары С.Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқаларында» (1931), С.Мұқанов, Қ.Бекхожин құрастырған «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясында» (1942), «Айтыс» (1965) жинағында жарияланды.

Аңыз бойынша, Шортанбай жырау дүниеден өтер шағында ел жақсыларына «менің жатқан жеріме сұпы салмаңдар, елді аздырған заман келеді, елден безген, Құдайдан қорықпайтын кей есерсоқ басыма келіп, сүйегімді қорлауға тырысады. Жатқан жерімді көп ешкімнің білмегені дұрыс» деп ескерткен екен. 1980 жылы Шортанбай ақынның басына көктас, 1998 жылы Ақсу-Аюлы ауылында ескерткіш орнатылған.

 

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант,  2017. –271-б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –190-б.