Кесене Қостанай облысы Амангелді ауданы Арқалық қаласы маңындағы Жаңақала ауылында орналасқан. Кесенені 1916-1917 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының Торғай даласындағы басшысы Әбдіғаппар Жанбосынұлының (1870-1919) жерленген жеріне 2010 жылы ұрпақтары орнатты.
Әбдіғаппар Жанбосынұлы – XVIII ғасырдың орта кезінде Шақшақ Жәнібек, Есет тархандармен бірге жоңғарларға қарсы шабуылдарға қатысқан. Тілеулі батырдың, Нияз ханның ұрпағы (Абылай хан Нияз биді хан дәрежесінде ұстаған).
1916 жылы 25 маусымда Ресей империясының Орта Азия, Қазақстан және тағы бірқатар аймақтардан 19 бен 43 жас аралығындағы еңбек жасындағыларды «қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін» жасауға қара жұмысқа алу туралы жарлыққа қол қойылуы және осы жылдың 28 маусым күні ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрінің «бұратана халықтарды» тыл жұмыстарына «реквизициялау» туралы бұйрығы қазақ елін тығырыққа тіреді. Торғай өңірінің ел басшылары құрылтай шақырып, 13 болыстың өкілдерін жинады. Құрылтай июнь жарлығына қарсы көтерілген халық шешімі бойынша, 6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, бір болыс найман елін басқаратын елбасшысы-хан сайлауды мақұлдап, Әбдіғаппар Жанбосыновты хан сайлайды. Ата даңқы бар, баба салты бар, өнегелі дәстүрі бар, өнерлі ісі бар, айбарлы күші бар, Әбдіғапар ағаштан түйін түйген. Ел оны жадына халық шежіресін хаттаған, байсалды, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматы деп танитын.
Әбдіғаппар Жанбосынұлы өзі басқарған Торғай елін метрополияның билігін мойындамайтын, құқылы автономиялық аймақ деп санады. Ол 1916 жылғы оқиғаларға дейін суармалы егін шаруашылығымен айналысып, өз ауылында мектеп ашқан. Даладағы зор ықпалы мен беделін пайдаланып, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде А.Имановтың туының астына мыңдаған әскердің бірігуіне ықпал етті. Әбдіғаппар көтерілісшілерді 20 адамнан тұратын халық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарды. Ол Кеңестердің І съезіне (Орынбор, 1918 ж. наурыз) қатысып, кейін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. Қызыләскерлер қолынан Зәуре қопасында қаза тапты.
Қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен, сол жолда шәйт болған Әбдіғаппар хан Жанбосынұлын халқы құрмет тұтады. Ол халқымыздың мақтанышы, ұлттық бірлігіміздің, идеологиялық саясатты жүргізудің нышаны болып қала бермек.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. -420-422-бб.;https://e-history.kz/kz/contents/view/1885© e-history.kz; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –206-б.