ӘУЛИЕ НИКОЛЬСКИЙ ШІРКЕУІ

ӘУЛИЕ НИКОЛЬСКИЙ ШІРКЕУІ

Шіркеу Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Пресногорьков ауылында орналасқан. Солтүстік Қазақстан аумағында сақталған XIX ғ. басындағы ең көне православие шіркеулерінің бірі. Басында Ащыкөлдің жағасында өсетін Қызыл орман қарағайынан ағаш шіркеу жасалған, бірақ ол 1798 жылы өртеніп кетеді. Шіркеу кесек тастан және күйдірілген кірпіштен 1799 жылы жергілікті тұрғындардың жәрдемімен салынды. Құрылыс кезінде жұмыртқа ақуызы мен алебастр қосылған ерекше қоспаны пайдаланған. Тас шіркеу Әулие Николай Чудотворец пен Қазан Құдай Анаға арналған, ағаш дуалмен қоршалған жазғы және қысқы екі бөліктен тұрады. Шіркеу қабырғасының жанында 1835 жылы облысты аралап жүргенде кенет қайтыс болған Омбы облыстық басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Василий Иванович де Сент-Лоранның зираты орналасқан.

Ю.Ф.Ермолаевтың естелігінен (1926 ж.т.): «Никольский шіркеуі орталық алаңда тұрды. Үлкен және Кіші шіркеу мұнарасы бар тамаша сәулеттік ғимарат. Үлкен мұнараның төрт жағынан түрлі пішіндегі қоңыраулар ілініп тұратын. Солтүстік жағынан – ең үлкен қоңырау, 1678 жылы құйылған, шығыс жағында 2 қоңырау, батыс жағында кішкентай 8 қоңырау  болатын. Екінші мұнара біріншісінен аласа және шіркеудің шығыс бөлігінде орналасқан. Шатыры қаңылтырмен жабылған және жаңа сияқты жылтырап тұратын». 1938 жылы шіркеу жабылып, астық сақтайтын қоймаға айналды. 1991 жылдан бастап шіркеуге ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жұмыс істей бастады. 2005 жылдың жазында шіркеу қайта қалпына келтіріліп, келушілерге есігін айқара ашты.

 

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017.

–289 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –207-б.