БАЙМЫРЗА ӘУЛИЕ ТЕҢІЗБАЙҰЛЫНЫҢ КЕСЕНЕСІ

БАЙМЫРЗА ӘУЛИЕ ТЕҢІЗБАЙҰЛЫНЫҢ КЕСЕНЕСІ

Баймырза әулие Теңізбайұлының кесенесі Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы қасиетті орындардың бірі. Қалам-Қарасу ауылдық округі Шұбалаң ауылында орналасқан. Кесенені 2013 жылы Мерген ұрпақтары тұрғызған.

Баймырза Теңізбайұлы (1741-1829) – империялық биліктің отарлау саясатына қарсы күресті басқарған батыр. Әкесі Теңізбай Бабасұлыда Малайсарымен тізе қосып ұлы жүзді жоңғарлардан қорғаған батыр болған. Баймырза әкесінен 13 жасында қалған. Әкесі 6 ұлына мұра бергенде Баймырзаның қолына 12 өрім дырау қамшы мен талай қан майданға асынып шыққан ер қаруы бес қаруын мирас етіпті. Ол 13 жасында ағасының соққысынан өлген барымташының құны үшін билер кескен «Жан беру» жазасына өзі қатысуға ниет білдіреді. Сонда арғын руынан шыққан Үркімбай би өзінің «Ақмоншақ» тұлпарын Баймырзаға ұсынып тұрып «Бұл атпен қусаң жетесің, қашсаң құтыласың, ата-бабаңның аруағы қолдасын» деп бата беріпті. Астына Ақмоншақ атты мініп, қолына үкілі найзасын ұстап, Қараша төбенің ұшар басына Баймырза жарқ-жұрқ етіп шыға келгенде, қарсы жақтың данагөй ақсақалы: «Мына бала өте аруақты екен. Найзасының түбінде азуы алты қарыс, жон арқасы күжірейген жолбарыс жатыр. Қан төгіспей-ақ келісімге келейік, – дейді. Алайда аласұрған топ оған көнбей, жауынан жеңілмеген үш батырын шығарады. Баймырза олардың бірінен соң бірін найзасымен түйреп түсіріп, қырдың төсін қан-жоса қылады. Осы оқиғадан бастап ерлігімен көзге түсіп, кейін қол бастаған батыр болған. Баймырза әулие іргелес Ресейдегі Е.Пугачев көтерілісіне де жан-жақты қолдау көрсетіп отырған. Тарихшы Е.Бекмаханов Баймырза мен Пугачевтің хат алысып, хабарласып тұрғандарын жазады. Бұл дерек Баймырза әулиенің Ресей өкіметінің отаршылдық саясатына наразы болып, қарсылық көрсеткенін дәлелдейді.

Батырдың көріпкелдік және түрлі жүйке ауруына ұшыраған сырқаттарды емдеу қасиеті болғандықтан, халық Баймырза батырды көзі тірісінде-ақ «Баймырза әулие» деп атап кеткен. Ел арасында «Баймырзаның сабасындай берекелі екен» деген сөз де сақталған. Оның мәнісі Баймырза асып жатқан бай кісі болмаса да дастарқаны жиналмайтын, үйінен адам арылмайтын қонақжай адам болған. Баймырза әулиенің кесенесі бірнеше ғасырлар бойы «қасиетті мазар» болып келеді. Әулиенің басына орнатылған белгі қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталып, халық зиярат ететін қасиетті орынға айналған.

 

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –282-б.; Аталар ізімен (Мерген руының шежіресі): Астана: Сарыарқа, 2013. –384 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –208-б.