БАРАҚ ЖАНҰЗАҚҰЛЫ (ҚАРАБАЛУАНҰЛЫ) КЕСЕНЕСІ

БАРАҚ ЖАНҰЗАҚҰЛЫ (ҚАРАБАЛУАНҰЛЫ) КЕСЕНЕСІ

Кесене Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Крылов ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан. Барақ батыр Жанұзақұлының жерленген жеріндегі бұрынғы кесенесі жаңартылып, 1996 жылы 13 шілдеде салтанатты түрде ашылды.

Кесене порталды-күмбезді. Күмбезі дулыға пішінді. Негізгі қасбеті оңтүстік-батысқа қарай қараған. Үш аркамен безендірілген, ортаңғы аркаға жерленген кезден сақталған араб қаріптерімен тас тақта орнатылған. Оның солтүстік-шығыс қабырғасында қабір үстіндегі тақтаның фрагменттері орналасқан.

Барақ батыр Жанұзақұлы – (1717 жылы, кейбір деректерде 1722) қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Алдияр ауылында туған. Әкесі Жанұзақ Қарабалуан есімімен мәшһүр болған түйе балуан. Анасы – Жасқан атақты Төле бидің жиені. Барақ Жанұзақұлы 1740-1758 жылдары қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азат ету жолындағы шайқастарға және ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан. Абылай ханның сенімін ақтаған батырларының бірі. Шайқастарда Барақ батыр қолбасшылық, тапқырлық, айлакерлік талантымен көзге түседі. Батырлығымен қатар, емшілік, көрегендік қасиеттерімен де халыққа кең танылған. Аттан құлап, белін, аяқ-қолын сындырған адамдардың сүйектерін орнына салып, теріге, киізге орап тез жазады екен.

Қазақ жері арасындағы бекіністерді қорғап, соғыс өртінің шықпауын қамтамасыз еткені үшін Абылайхан Бараққа өте риза болып: «Өзің батыр, өзің әулие екенсің ғой. Сені ел емші батыр, бақсы батыр деуші еді. Мен «Әулие батыр» деп айтамын», – деген екен.

1782-1783 жылдың қысында шекара шебінің ішкі жағында казактар қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын күшпен тартып алды. Қыстың өте суық болуы жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Жұт басталды. Дала тұрғындарының 10 000-нан астам жылқысы мен сиыры қырылып қалды. Міне осындай қиын-қыстау жағдайда Кіші жүздің шекара шебіне таяу ауылдарында бұқаралық қозғалыс басталып, ол көп ұзамай ұлт-азаттық күресіне ұласты. 1783 жылдың көктемінде қазақтар Орал шекара шебіне Гирьял бекінісіне Орынбордың солтүстік-шығысында шабуыл жасай бастады. Орынбор коменданты қазақ даласына Орынбор казақтарының жазалаушы әскерлері мен башқұрттардың 1500 сарбазын жіберді. Қазақ көтерілісшілері оларға табандылықпен қарсылық көрсетті. 1785 жылы қазақ жасақтары Төменгі Орал шекара шебінің аймағында Сырым Датұлы 2700 сарбазымен, Барақ Жанұзақұлы 2000 сарзабымен Тіленші батыр 1500 сарбазымен патша үкіметінің әскерлерімен кескілескен шайқасқа түсті.

Барақ батыр 93 жасында дүниеден озған. Ұрпақтарына өсиет етіп: «Мені алып бара алсаңдар,Түркістанға Ахмет Ясауидің кесенесіне, әкемнің

жанына жерлерсіңдер, егер алып бара алмасаңдар өз жерімнің шекарасына қойыңдар, ұрпақтарыма қорған болып жатармын», – деген екен. Екі ғасырдан артық уақыт бойы бүкіл Солтүстік, Орталық Қазақстан және Ресейдің бізбен

шекарадағы облыстарынан қазақтар, жалпы мұсылман қауымы келіп, Сарыкөл ауданы аймағында орналасқан Барақ батырдың зиратының басына түнеп, құрбан шалып, кұран оқытады.

 

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017.

-181 б.; Кустанайская область. Энциклопедия. –Алматы, 2006. –С. 243-244.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –206-б.