Сыпатай батыр кесенесі Жамбыл облысы Меркі ауданы Сыпатай ауылының шығыс жағында, қазіргі Алматы-Тараз-Бішкек тас жолының бойында орналасқан (XIX-XX ғғ.). Шағын күмбезді кесене күйдірілген қызыл кесектен өріліп, төбесі дулыға тәрізді күмбезбен жабылған.
Сыпатай Әлібекұлы (1781-1868) – ХІХ ғасырдың аяғында Қоқан әміршілеріне қарсы күрескен, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған қайсар мінезді, батырлығымен, сөзге шешендігімен, дауға әділдігімен ел арасында биік беделге ие болған тұлға. Сыпатай батырдың кескін-келбетін К. Әзірбаев: «Зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып тастап жүре беретін. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты» деп суреттейді.
ХІХ ғ. басында қоқандықтардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай батыр саналы ғұмырын елінің азаттығы үшін күреске арнайды. Атқа қонып, қол жинап, күреске шығады. Салық жинап жүрген қоқан ханының жасауылдарын елден қуады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді.
Тік мінезді Сыпатай батыр Кенесарыға: «Ұлы жүз елімді ескермедің, жасымның үлкендігін біліп, жөн сұрап қол бермедің» десе, өзін тілдеген Наурызбай сұлтанға: «Төреде де төре бар, төбет итке пара-пар, біздерде туған бала бар, әке кегін ала алар – бас кесер яки жаралар» деп айтқан қаһарлы хандардан да қаймықпай сөйлеген өткір сөздері ел аузында сақталған.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –225 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –80-б.