Ботай қонысы
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Солтүстік Қазақстан облысы
Тарихи орынСолтүстік Қазақстан облысы

Ботай қонысы

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольск ауылынан 1,5 км орналасқан.

53°14′ с.е. · 67°40′ ш.б.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольск ауылынан 1,5 км орналасқан.Хронологиялық мерзімі: энеолит (б.д.д. IV соңы – III мыңжылдықтар) дәуірі.

1980 жылдан бастап қонысты (30 жылдан артық) зерттеген археолог В.Ф.Зайберт, солтүстік қазақстандағы осыған ұқсас ескерткіштерді зерттеу негізінде Ботай мәдениетін бөлді.

Ескерткіштің маңыздылығы – жабайы жылқының жер бетінде тұңғыш рет қолға үйретілуі. Энеолит дәуірінде Орал-Қазақстан далалық аудандарда қалыптасқан шаруашылық-мәдени үлгіні отырықшылық, экономиканы дамытатын жылқы шаруашылығы басым, көп салалы болған деп айқындауға болады. Тұрғындарды қамтамасыз етуде аңшылық, балық аулау, үй кәсіптері бұрынғыша үлкен рөл атқарды.

Шаруашылықтағы алдыңғы орынды ағаш өңдеу және үй құрылысына байланысты еңбек құралдары алды. Қоныстағы баспаналар ерекше сәулетшілік тәсілдермен салынды. Жалпы ботай мәдениетінің қоныстары жартылай жер үстіне тұрғызылған «шошала» үлгісіндегі құрылысқа ұқсайды.

Ботайлықтардың үй шаруашылығында сүйек ою ісі ерекше рөл атқарды. Ежелгі мекендеушілер сүйек бұйымдарын әртүрлі өндіріс қызметінде және тұрмыста қолданды. Энеолитте сүйек және мүйіз өңдеудің барлық негізгі тәсілдері белгілі болды. Жылқының өрнектелген бақайшықтары, тас үтікшелер, келсаптар діни-нанымдық сипатты берді, оларды щаруашылық-тұрмыстық қызметте емес, әлде бір рәсімдік мақсатта пайдаланған болуы керек. Ботай ЮНЕСКО-ның тізіміне алынды.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана:Фолиант, 2017. 94-96 бб.