XIX ғасырдың 20-жылдарына жататын Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған жері – Сырымбет мекені Орта жүз ханы Уәли Абылайханның әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесінің тұрақты қыстауы болған қоныс. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылында орналасқан.
Айғаным ханым қонысы қарағайдан шапқан тұрғын үй, мешіт, медресе, монша, ат қора, жел диірменнен тұрады. Айғаным – Абылай ханның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Заманында І Александр патша Сырымбет қойнауында кешенді қыстау, мекенжай салуға бұйрық шығарған. Тарихи құжаттар бұл кешеннің 1824 жылдан 1834 жылға дейін салынғандығын айғақтайды. Қазақ даласын зерттеген А.К. Гейнс Сырымбеттегі Айғаным ханшаның мекен-тұрағын суреттеп жазған. 1985 жылы қайта қалпына келтіріліп Шоқан Уәлихановтың республикалық тарихи-этнографиялық музейі ашылды. Сол кезде Сырымбет баурайындағы аңыз-ертегіге айналған Уәлихановтар қонысын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Негізінен, Шоқанның ата қонысы туралы салған суреттері басшылыққа алынды. Сөйтіп, ел игілігіне жаратылған қоныс сырлы Сырымбеттің баурайында өзінің қайталанбас ғажайып кейпімен сыр шертіп тұр. Қазір мұнда Шоқанның тарихи-этнографиялық мұражайы мен Айғаным мекенжайы біріктіріліп, Сырымбеттегі мұражай кешенін құрап отыр.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –392-394-бб.
