Кесене Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылынан солтүстік шығысқа қарай 21 шақырым қашықтықта орналасқан. Кесене қам кесектен тұрғызылғандықтан нашар сақталуына байланысты 1993 жылы ақ кірпіштен қапталды.
Бұқарбай батыр Естекбайұлы (1812-1898) – патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қазақ ханы Кенесарыны қолдаған батырлардың бірі. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Бұқарбай Сыр бойы халықтарын жан-жақты қыспаққа алған Хиуа, Қуаңдария-Жаңадария бойын жайлаған бейбіт елге бүйідей тиген Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына қарсы көтерілістердің басшысы болған.
Бұхарбай батыр Кенесары ханның 1847 жылғы сәуірдегі қазасына дейін үзеңгілес серігі болған. 1838 жылы 7 тамызда Кенесары көтерілісшілерінің Ақмола бекінісіне жасаған шабуылының арасында болады. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ жерін Қоқан басқыншыларынан азат етуде қоқандықтарға қарсы шығып, Ресей империясының жоғары билігін мойындап, Ақмешіт бекінісін жаулап алу кезінде патша әскеріне көмек көрсетті. Патша үкіметінен марапаттарға ие болған. Өмірінің соңында ол өз ауыл-аймағында өмір кешіп, бейбіт шаруашылықпен айналысқан.
Бұқарбай батырдың ерлігі туралы әңгімелер халық арасына кең тараған. Солардың бірі – Бұқарбай батырдың Кенесарыға қосылуы. Бұқарбай батыр Нысанбай жырау, Қабан батыр сияқты белгілі адамдарды ертіп Кенесары шатырын тігіп жатқан жерге жол тартады. Әдетте, адамдар Кенесарының шатырына жетпей бірер шақырым жерден аттан түсіп, жаяу баруы керек екен. Бірақ Бұқарбай тобы тура хан шатырының алдына барып бір-ақ тоқтайды. Төрде отырған хан: «Бұл неғылған бейбастық, бізден қаймықпай баса-көктеп келетін...», – дейді. Қасында отырған қарындасы: «Көрмеймісің, хан-ием, алдында Арыстандай киесі келе жатқанын, не де болса қабылдауға тура келеді. Теріс бұрылмаңыз», – дейді. Хан жақтырмай, есік алдындағы жасауылдарға Бұқарбайды ішке енгізбеңдер деген белгі береді.
Бұқарбай есік алдындағы қарулы жасауылдардың қарсылығына мән бермей ішке еркін енеді. Еңкейген мойнын шабуға әрекет жасаған жасауылдардың бір сәт қолдары қалтырап, дәрменсіздік танытады. Бағанағы ханшаның көрген Арыстаны олардың да жауыздығын жүзеге асыртпағандай көрінеді. Осы жолы ханмен болған кездесуінен кейін ол шатырға еркін енетін батырларының бірі болады.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –268-270 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –289-б.
