Кесене Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты 20 разъезде, Жөлек аулынан 7 шақырым жердегі темір жол торабында орналасқан.
Оқшы Ата кесенесі – оғыз заманының (ХІ ғ.) ескерткіші, батырдың басына қойылған киелі кесене. Сыр өңірінен шыққан батыр, көріпкел әулие тұлға. Шын есімі – Ибраһим, лақап аты – Көгентүп, Оқшы – мергендігі үшін халық қойған есім.
Сыр өңірін зерттеген Әуелбек Қоңыратбаев зерттеулерінде Оқшы атаны Қорқыт жырларындағы Оқшы есімімен байланыстырып, нақты тұлға оғыз батыры ретінде таныған. «Қорқыт ата» кітабының соңғы12 жырында қыр қыпшақтары Аруз, оның інісі Донбаз түркімендерге (Қазанға) қарсы бас көтерген. Бұл соғыста Аруздың жәрдемшілері – Әмен, Рустем, Ақсақ оғыздың баласы Оқшы болып көрінеді. Ақсақ Оғыздың баласы Оқшы ата Қазан әскеріне оқ дайындайтын ұста болған екен. Бестам – сол Оқшының ұстаханасы болған. Бұл тарихи тұлғалар «Көрұғлы» жырында да кездеседі.
Аңыз бойынша, Оқшы ата бидаймен атқанда дәл тигізіп, кеудені тесіп өтеді екен. Жас кезінде жетім қалып, бір шал мен кемпірге өкіл бала болады. Бірде ол асырап алған ата-анасынан Қожа Ахмет Ясауиге сәлем беріп қайтуға сұранады. Сол заманда оғыз ханы елдің арасынан салық жинаумен қатар, кезекпен әр жұрттан бір қыздан алып келуді талап еткен екен. Ата-анасы Оқшы атамызға «Сен кеткенде қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады?» дейді. Сонда олі: «Менің атымды үш мәрте айқайлап айтсаңыз болды, заматында осы жерге келемін» дейді. Айтқандай, межелі күн келіп хан мен нөкерлер Оқша ата тұратын қонысқа келеді. Дәл осы кезде әкесі ол кісінің атын үш мәрте айқайлап айтқанда, хан аттың үстінен ауып, жерге құлап түседі. Әркім «Ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады. «Халайық, бостан-босқа даурыға бермейік, ханды кімнің атқанын жүрегіне қадалған арпаның қылтығынан аңғаруға болады. Егер оның көзін мен құртқан болсам, оның жүрегінде арпаның қылтығы болуы тиіс» дейді Оқшы ата. Расында да, дәл солай болып шыққан. Жергілікті жұрт жігіттің тегін адам еместігін ұғынып, оған құрмет көрсетеді.
Оқшы ата кесенесі – жеті әулие жерленген қорым. Оқшы ата қорымында Оқшы Ата, Ғайып Ата, Қыш Ата, беріректегі Есабыз Ата, Асан Ата, Кітап Ата, Қабыл Ата жерленген оғыз-қыпшақ дәуірінің мұрасы ретінде бағаланады. Соңғы кездегі тарихи мағлұматтарға және Ә.Қоңыратбаевтың түркі елінің тарихына байланысты еңбектерінде суфизм ақыны, ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің басына Ақсақ Темір ХІV ғасырда алып кесене салғанға дейін Оқшы ата жерленген мазар Сыр бойының даңқты азаматтарын қоятын ұлттық пантеон еді деген пікірлер бар.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –268-270 бб; Оқшы Атадағы 7 әулие / Құраст. Қ.Маханбет. –Қызылорда: Қызылордаполиграф, 2003. –87б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –332-б.
