Жанқожа батыр кесенесі
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Қызылорда облысы
Киелі орынҚызылорда облысы

Жанқожа батыр кесенесі

Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған.

45°51′ с.е. · 62°09′ ш.б.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлына ескерткіш-кесене 1992 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы қазіргі Әйтеке би кентінде орнатылды. Батырдың жерленген жері – Қазалы ауданындағы Кәукей ауылынан 150 шақырым жерде.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1795-1859) – қазақ халқының ел азаттығы жолында күрескен атақты батырлардың бірі. Атасы Киікбай Әбілқайыр ханның батыры әрі биі болған. Ал әжесі Тәжі қалмақпен де орыстармен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты Есет батырдың жалғыз қызы.

Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жанқожаның батырлық даңқы ерте шыққан. 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа бегі Бабажанның жіберген адамы – түрікмен Аймұхамед палуанды 1836 жылы Ақирек деген жерде Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды.

Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан соң Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты.

Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы әскер жіберді. 1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –354-354 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –299-б.