Мақат Саржанұлына арнап тұрғызылған сағана шамамен ХІХ ғасырдың басы, ХХ ғасырдың соңында салынған Орталық Қазақстандағы сәулет өнері ескерткіші болып табылады. Сағана Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Шеңбер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым қашықтықта, Қараторғай өзенінің жағасында орналасқан.




Мақат Саржанұлы Торғай өңірінің Ұлытаумен шектескен өңірін мекендеген бай және өте білімді кісі болған деседі. Өзінің және ұрпақтарының бір жерде тіршілік кешуін ойластырып, кесене астында арнайы камералар жасатқан. Сағана – бір камералы күмбез-порталды, күйген кірпіштен қаланған ғимарат. Негізгі фасады түрлі қалыптағы кірпіштермен әдіптелген. Конус тәріздес күмбезі дөңгелек негіздің үстінде орнатылған. Бас қасбеті «П» пішіндес белдеумен сәнделіп, ортасынан доғалы кіреберіс есік шығарылған. Үш қабырғасы кілем оюына ұқсас, «S» тәрізді өрнекпен әсемделген. Негізгі қасбеттің ішкі қабырғасына саты орнатылған. Дәліз арқылы сатымен 1 м тереңдіктегі қабірге түсуге болады.
Сағананың ішіндегі ашық молада бабаның ұрпақтары жерленген. Деректер бойынша, онда жиырмаға жуық адамның мәйіті жатыр. Мұнда ең соңғы мәйіт 1994 жылы қойылған екен. Бір қызығы, мұндағы жерлеу дәстүрі басқаша. Адам қайтыс болғанда, оның денесін ақ кебінге орап, осы сағананың жертөлесіндегі арнайы қазылған орынға әкеп қоятын болған. Ер мен әйелдің жеке-жеке бөлмелері бар. Ал ортада шымылдық тұтылып тұр. Қаза болған кісі денесін осында қоюды аманат етіп кетсе, бұл орында тұрған мәйіт арнайы қазылған жерге түсіріледі. Тағы бір таңқаларлығы, мұндағы мәйіт қырық күн шілдеде иістеніп кетпейтін көрінеді. Сағана есігі киізбен қапталғандықтан жаз мезгілінде ыстық кірмейтін болуы мүмкін. Іші қоңыр салқын орынның ішкі қабырғалары кірпіштен тұрғызылған. Қысы-жазы іштегі температура бірқалыпты тұрады.
Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –275 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –167-б.
