Үлкен Қылует
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Түркістан облысы
Киелі орынТүркістан облысы

Үлкен Қылует

Пайғамбар жасына жеткенде (63 жас) Қожа Ахмет Ясауи Мұхаммед Пайғамбарға көрсетілген құрмет ретінде жер астына түсіп, осы «Қылует» мешітте қалған өмірін өткізген.

43°18′ с.е. · 68°16′ ш.б.

Үлкен Қылует – Қожа Ахмет Ясауи өмiрiмен байланысты тарихи орын, жерасты мекенi, сопылық орталық болып саналатын ортағасырлық сәулет ескерткiштерінің бірі. Үлкен Қылует мешіті Түркістан облысы орталығы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 150 м қашықтықта орналасқан.

Қылует құрылысы ауқымды, төбесі жайпақ етіп жабылған, екі есігі бар. Жерасты мешітінде үш есік бар. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Қылует діни рәсімдерге, шаруашылық жұмыстарға арналған бөлмелерден тұрады. Ғибадат орны бірнеше кезеңде салынған, ең көне бөлігі – Гар (ХІІ ғ.) 4 м тереңдіктегі шағын бөлме. Қабырғасы мен күмбезі шаршы кірпіштен қаланған, көне «балқы» жүйесімен өрілген. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Тар баспалдақ арқылы намаз оқитын залмен жалғасады. Соңғы зал төрткүл көлемді үй, төбесінде желдеткіш шаңырағы бар. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, кіші және орта залдар қылует құрылысының екінші кезеңінде (XV-XVII ғғ.), ал басқа құрылыстар XVIII-XIX ғғ. салынған.

Пайғамбар жасына жеткенде (63 жас) Қожа Ахмет Ясауи Мұхаммед Пайғамбарға көрсетілген құрмет ретінде жер астына түсіп, осы «Қылует» мешітте қалған өмірін өткізген. Ғалымдардың айтуынша, «қылует» сөзі арабша «халуатун», яғни жалғыз, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді. Жаман әдеттерден арылтуды, құтқаруды «Қылует» дейді. Қожа Ахмет Ясауи осы Қылуетте көптеген шәкірттер тәрбиелеп, Диуани хикмет сияқты еңбектерін жазып қалдырады.

Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасыр тұсында сопылық ілімнің қарапайым халық қана емес, ірі дін өкілдері мен билеуші топ өкілдері де мойындағанын, ислам дінінің түркі халықтары арасында таралуы мен орнығуына үлкен әсер еткені байқалады. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті әрі туысы Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» қолжазба шежіресінде Ахмет Ясауидің әкесі Ибрайым шайықтың өзі отызға жуық «Қылует» мешітіне шәкірт баулығанын айтады. Ал Қожа Ахмет Ясауидің өзі елуден аса «Қылует» жұмысына басшылық жасап, төл шәкірттерін шартарапқа діни білім беру үшін аттандырып отырғандығы айтылады. Қылуетте адамдар жазғы шілде мен қысқы шілдеде (25 желтоқсан – 5 ақпан аралығы) түсіп, онда қырық күн діни білімін жетілдіріп, қырық бірінші күні шығатындығын атап өткен.

Сонымен қатар, аталмыш қолжазбада Садр шайықтың баласы Данышпен Зарнұқи (Қожа Ахмет Ясауидің інісі әрі шәкірті) «Түркістанда қырық жыл қылует мешітінде қызмет етіп, ұстазы Қожа Ахмет Ясауи оны Отырарға жіберіп, онда қырық жыл қылует мешіттерін басқарып, жетпіс жыл Қызырмен сұхбатта болғандығын және Отырарда мәңгіге тыныс тапқандығын» жазады.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –210 бб.; https://abai.kz/post/60343.