ОЛЖАБАЙ ТӨЛЕБАЙҰЛЫ МАЗАРЫ

ОЛЖАБАЙ ТӨЛЕБАЙҰЛЫ МАЗАРЫ

Олжабай батырдың мазары Ақмола облысы Ерейментау ауданы Олжабай ауылында орналасқан. Ақ кірпіштен қаланған, ені – 4 м, ұзындығы – 5-6 м, биіктігі – 7-8 м. Күмбезі арматуралық темірден жасалған, түйіскен жерінде айшық бекітілген.

 

Олжабай Төлебайұлы (1709–1785) – Абылай ханның ту ұстаушысы, жоңғарлар мен қытайға қарсы соғыста көзге түскен батыр. Олжабайдың ерлігі жайлы қазақ аңыздары мен деректі әңгімелер орыс ғалымдары Ф.А.Шербиннің, Н.Я.Коншиннің, Н.С.Смирнова мен Д.Примактың еңбектерінде баяндалған. Аңыз бойынша, ол ең алғаш рет Қаратай батырдың туын ұстап, ұрысқа кірген. Академик Ә.Марғұланның естеліктерінде Олжабай мен Едіге бидің 1762 жылы Екатерина ІІ хат жазып, жайылымдық жер сұрағаны айтылады. Олжабай батырдың өмір сүрген кезеңі қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қиын уақыт еді. Ол жоңғарлардың қолына түсіп қалған Абылайды құтқаруға көмегін тигізіп, мемлекетті орталықтандыру саясатын қолдап, соған көп үлесін қосты. Олжабай 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері – Баянауыл баурайындағы қалмақтармен болған шайқас.

Ұрыстарда көрсеткен ерліктеріне разы болған Орта жүздің ханы Әбілмәмбет оған алтын сапты қылышты сыйға тартады. Түркістан медресесінде оқып, арабша хат таныған Олжабай батыр қалмақ тілін де жақсы меңгерген екен. Абылай ханды тұтқыннан босатуға барып, келіссөз жүргізуге қатысуына да осы тіл білетіні септігін тигізіпті.

Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері жиі аталады. Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –323-325-бб.; Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –135-б.