Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде, Ақбауыр тауының етегінде орналасқан. «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені аумағында әртүрлі дәуірлердің петроглифтері, қола дәуір қорымдары, ерте темір ғасыр қорғандары, соның ішінде сирек кездесетін "мұртты" қорғандар, ерте орта ғасырлар дәуірімен мерзімделген жерлеулер шоғырланған. Үңгір қабырғасына қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.д.д. V-III мыңжылдықтың басына жатады. Бұл жерде маусымдық – күнтізбелік циклға жататын күрделі жөн-жоралғылар мен жерлеу-тәу ету әдет-ғұрыптары өткізілген, сонымен қатар Күнге, Ай мен жұлдыздарға астрономиялық бақылау жасалып, күн мен түннің теңесуін және күннің тоқырауын белгілеп отырған.
Зерттеушілер мұнда жүйелі астрономиялық байқау өткізілген деген ғалымдардың тұжырымдарын растайды, ал неолит дәуірінің сызбалық петроглифтері пиктографиялық (пиктограмма – шартты суреттермен таңбаланатын ежелгі жазу түрі) хаттардың пайда болуын көрсетеді. Мұнда тас ұңғыларының пішінін қайталайтын руда құймалары, шатқал аумағында үлкенді-кішілі домна пештерінің қалдықтары табылды.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, «Ақбауыр» кешені энергетикалық және ақпараттық генератор болып табылады. Бұл бірегей орынға 22 наурыз және 22 қыркүйекте барған қолайлы. Бұл көктем мен күзгі күн теңелуінің уақыты. Жартастағы киіз үйдің аумағындай тас үңгірде жазу-сызулары бар мұндай кешен әлемде екеу ғана. Бір ғажабы, үңгірдің төбесінде күндіз жарық түсетін, түнде жұлдыздар көрінетіндей ауқымды тесік бар.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –77-79 бб.