Шығыс Қазақстан облысы Қотанқарағай ауданы Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7–8 шақырым жерде орналасқан. Қорымдағы ең ерте обалар б.д.д. ІV-ІІІ ғғ., ал кейінгілері – б.д. VІІ-VІІІ ғғ. көне түркілер дәуірімен мерзімделеді. Сақ және түркі кезеңдерімен мерзімделетін жетпістен астам обалардан құралған қорым 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр.
Берел ескерткішін 1865 ж. В.Радлов, 1959 ж. С.Сорокин зерттеді. 1998 ж. бастап З.Самашев зерттеулер жүргізуде. Берел қорымы обалардан табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттардың нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Берел қорымындағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның нәтижесінде органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Жерлеу ғұрыптарына қарап, наным-сенімдері рухани дүниесінен мол хабар алуға болады. Онда табылған мифтік жануарлар, бұғы, пырақ, тауешкі, т.б. – қазірде еліміздің маңызды нышандары болып отырған бейнелер. Еркіндікті бейнелейтін «қос мүйізді пырақ» пен «самұрық» құсы – тәуелсіз Қазақстан үшін мәңгілік өмірдің белгісі. Ежелгі мәдениеттердің бастауы болған, саяси-идеологиялық, этно-мәдени тұрғыдан Алтай өңірі сақтар, түркілер, қазақтар үшін киелі, қасиетті орын.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –80-83 бб.