Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының аумағында Шілікті алқабында орналасқан. Шіліктідегі ескерткіштерінің тарихы б.д.д. VIII-VІІ ғғ. сақ заманынан бастау алады. Ал, кейінгі қорғандар б.д.д. II-I ғғ. үйсін, б.д. VI-VII ғғ. түркі ескерткіштерін құрайды.
Ескерткіштерді алғаш 1909-1910 жж. гидротехник Г.Н.Бокий, ал 1949-1962 жж. Шілікті қорымдарында профессор С.С.Черников зерттеп және оның қазған №5 қорғаннан 524 алтын зат табылды.
2003 жылдан бастап Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдарымен бірігіп археолог Ә.Төлеубаев және Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерлері зерттеу жүргізуде. Шілікті қорымында қазылған обалардың ішінде Бәйгетөбе обасы көлемінің ірілігімен және архитектуралық құрылысы өте күрделілігімен ерекшелінеді. Обаның ірі көлемі (биік. 4 диам. 22 метр) онда жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғандығын дәлелдейді. Қима ағаштан салынған қабірхананың көлемі 33,6 шаршы метр. Қабірхананың шығыс бөлігіне дромс-дәліз орналасқан. Ғалымдар «ел басқарған патша жерленген» деп болжайды. Себебі, обаның тоналғанына қарамастан, ол жерден өте бағалы заттар табылды. «Алтын адам» киімі әшекейлерінің ұзын саны 4 жарым мыңнан астам. Ірі алтындар саны 360 дананы құрайды.
Ескерткіштің бірегейлігі: Шіліктінің алтын әшекейлері сақ өнеріндегі ең алғашқысы болып табылады. Олар адамның көзі тірісінде тағуға арналған. Сақтар басқарушысы маңызды мерекелер кезінде алтын қапсырмалармен безендірілген киім киген. Бұл мерекелік киімді ғалымдар қалпына келтірген.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –83-84 бб.