Әулие үңгірі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Саржал ауылы мен Қарауыл селосының арасында, Семей қаласынан оңтүстікке қарай 220 шақырым қашықтықта Шыңғыстауда орналасқан.
Қоңыр әулие үңгірі есте жоқ ескі заманнан бері киелі орын саналады. Үңгірдің тар аузы Шаған өзенінің жарқабақты жиегінен 80-100 метр жоғары тұр. Негізі үңгірдің оң жағында тар қуыс бар, ол үлкен бөлмеге ұласады. Бұдан солтүстік бағытта үңгір төбесі 2 күмбезді болып келеді де, көлге жалғасып аяқталады. Негізгі бөлменің төрінен көлге шығар жолда бөлме бар. Үңгір ауасының температурасы 10 градустан аспайды.
Қоңыр әулие үңгірінің түп жағында жылап аққан бұлақ көзі және көлшік бар. Жұрт оны шипалық қасиеті бар деп ем үшін ішеді. Үңгірге түскен, жалбарына барған адам ауруынан айығады, дүниеге ұрпақ әкелуден үміт үзгендер «Қоңыр әулие» үңгірінің қараңғы жерлеріндегі тылсым күштерден тілек тілесе перзентті болады деп сенеді. Үңгір киелі саналып, адамдардың көптеп баратын ғибадат орнына айналған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ата-бабалары соғыс кезіндегі үзілістерде осы жерге келіп жараларын емдеген.
Қоңыр әулие жайында 1892 жылы «Витебские губерненские ведомости» газетінің №63 санында мынадай дерек берілген: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіндер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді».
Сілтеме: 1.Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –39-41 бб.
2.Қасиетті Қазақстан. https://www.youtube.com/watch?v=Cex4zgGCqRU