Ақмола облысы Зерендi ауданындағы Қазақстан ауылының оңтүстiк-шығыс жақ тұсында орналасқан Уəли хан кесенесi 2008 жылы ханның 270 жылдығына орай тұрғызылған. Сәулет кешені қызыл кiрпiштен төртбұрышты ғимарат түрінде жасалды. Төбесiне жарты айы бар күмбез орнатылған.
Уәли ханның сүйегi жерленген жерде бастапқыда белгi тас қана болған. Кеңестiк дәуiрде бұл жерге ешкiм көңiл бөлмегені себептi зират қараусыз қалған. «Бұл жерде Абылай ханның әйелi Сайман ханым мен тоқалдары да жерленген деген деректер бар», – дейдi ханның ұрпағы Сансызбай Мұхитанов. Оның уәжiне қарағанда, ханның зираты талай рет тоналған. Тiптi, бiр кездерi осы маңда ойнап жүрген балалар жер бетiнде шашылып жатқан адамның сүйектерiн де тауып алған. Үлкендер ол сүйектердi обал болады деп қайта жерлеген. Кейiн ел болып ханның басын көтерген. Ел тәуелсiздiгiн алған соң, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы бұл жердi мемлекет қорғауына алды. Хан кесенесiн жаңғырту жұмысына Борис Козлов басқаратын «Азия-Агрохим» серiктестiгi демеушiлiк көрсетті.
Уәли хан (1781-1821) – Орта жүздің ханы. Абылай қайтыс болғаннан кейін, Орта жүз өкілдерінің құрылтайында хан сайлау негізінде билікке келді. Ол Орта жүз руларының ішіндегі тұрақтылықты сақтай отырып, сыртқы саясатта Ресей мен Қытайға тең қарым-қатынас жасауға тырысты. Ресей өкіметі өз тарапынан Уәлидің Қытаймен байланыстарына тыйым салуға ұмтылды. Казак әскерлерін жіберіп, хан сарайына келе жатқан Қытай елшілерін орта жолдан қайтарып отырды. Дегенмен, Уәли Қытаймен қарым-қатынасын тоқтатқан жоқ. Орта жүзге ықпалын күшейту үшін патша өкіметі шекаралық шепті қазақ даласының ішіне жылжыта бастады. Ресейдің ықпалын бәсеңдету мақсатында Уәли Қытай үкіметімен және Бұхар хандығымен байланысын күшейтті.
Уәли хан ішкі-сыртқы саясатта әкесі Абылайдың ісін жалғастырып, қазақ хандығының дербестігін сақтауға тырысқанымен ХІХ ғасырдың басында қалыптасқан саяси ахуал оған мүмкіндік бермеді. Ресей өкіметі қазақ даласындағы хандық басқару жүйесін құлату үшін барлық амалдарды қолданды. Уәли Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттері толық мойындаған соңғы қазақ ханы болды, ол қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай патша өкіметі Орта жүзде хан сайлауды мүлдем тоқтатты.
Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Уәли ханның немересі.
Сілтеме:Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –30-б.