Алматы облысы, Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында орналасқан Жамбыл Жабаев кесенесі 1946 жылы салынған. 1970 және 1996 жж. қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Кесене бір камералы, порталды сегіз қырлы ғимарат. Биіктігі 10 м, күйдірілген кірпіштен қаланған, он алты қырлы барабанды конус тәрізді күмбезбен аяқталған. Кесененің дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі – қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған.
Жамбыл Жабаев (1846-1945) – ақын, жырау, жыршы. Қазан төңкерісіне дейінгі негізгі шығармашылығы – айтыс. Ақын өзінің жырларында батырлар туралы, олардың ерлік істері туралы жырлаған. Соғыс жылдарында қоршаудағы Ленинград қаласын қорғаған батырларға арнап жазған «Ленинградтық өренім» атты өлеңі – көпұлтты кеңес әдебиетінің ең үздік шығармасы. Жамбыл жырау қисса, дастан, терме, батырлық жырларды жатқа білген. Жамбыл «Жыр тұлпары Сүйінбай», «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай» деп, Сүйінбай ақынды үлгі тұтып, батасын алған. Ол бір тойда тоғыз ақынды қатар жеңген Құлманбетті оралымды ойы мен ұтымды сөз саптасының арқасында жеңіп кетеді. Жамбыл «Көрұғлы», т.б. ежелгі эпикалық жыр-дастандарды жатқа білген. Жамбылдың көзі тірісінде Әулиеата шаһарына есімі берілген. Жыр дүлдүлі сол сәтте: Атыңнан айналайын, Әулиеата, Атыңды ап қойды деп болма қапа, – деп суырып салып өлең арнаған.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –405-407-бб.