ҚАПАЛ БАТЫР КЕСЕНЕСІ

ҚАПАЛ БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Қапал батыр кесенесі сәулет өнері ескерткіші болып табылады. Алматы облысы Ескелді ауданы, Талдықорған-Қапал жолынан 80 шақырым жерде Ешкіөлмес тауының баурайында орналасқан. Кесене Қапал батырдың жерленген бейітінің үстінен 2002 жылы салынған. Бес күмбезді төртбұрышты болып ақ силикат кірпішінен қаланған, күмбездері металды конструкциялардан жасалып, цинктелген жезімен қапталған.

Қапал батыр Жанысұлы (шамамен 1513-1606) – жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте аты шыққан батыр, ел билеген ұлыс бегілердің бірі, көрнекті қолбасшы. Шоқан Уәлихановтың «Жоңғар очерктері» жазбаларындағы «Қапал стансасы Қапал батырдың есімімен аталған» деген бірауыз пікірі Қапал батырдың қабірін тауып, анықтауға түрткі болды. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен және кейбір дереккөздерінен Қапал батыр Қасым ханның немересі – Шығай ханның балалары Тәуекел, Ондан және Есіммен өзара сыйластықта болған. Шығай хан дүние салып, оның орнына үлкен ұлы Тәуекел таққа отырып, ел билеген кезінде оның інілері Ондан мен Есім және Қапал батыр Тәуекел ханның қолбасшылары болған. Осы кезеңде Қапал батыр Сыр бойын сыртқы жаулардың қанқұйлы шапқыншылығынан босатып, ел еркіндігіне өз үлесін қосады. Ал Тәуекелден кейін таққа отырған Есім хан тұсында да Қапал батыр оның ең сенімді серігі әрі бас сардары, яғни қолбасшысы болған.

Қазіргі кезде Қапал батырдың есімімен Алматы облысындағы кент, белгілі шипажай, өзен, Тараз қаласындағы көше мен канал және Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы ауыл, Шымкент қаласындағы үлкен даңғыл аталады. Қапал батырдың аты беріліп, осындағы теміржол вокзалына жақын алаңда биіктігі 14 метр болатын ат үстіндегі еңселі ескерткіш бой көтерді. “Қапал-Арасан” санаторийіне алып баратын Алматы-Өскемен трассасының бойында биіктігі 2 метрден асатын тұғырға батырдың мүсіні орнатылды. «Қапал батыр өрендері» атты шежіре, «Қапал батыр» (Ә. Аймақ) деген дастан жазылды.

Қапал батырдың туған, өскен өлкесі тарихи оқиғалар мен тасқа қашалған ескерткіш белгілерге бай. Ежелгі дәуірлерде адамдарға баспана болған қорғандар мен үңгірлер мекенінің орталығы саналған Қапал кентінің атауына байланысты бабаның есімі де ел жадында күні бүгінге дейін сақталып келеді.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –303-304-бб.; Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –294-б.; Панзабеков К. Ералы Е. Қапал батыр // Ана тілі, 23аңтар, 2014 ж.