Кесене Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылы, Басбатыр тауының етегінде орналасқан (2006 ж.).
Наурызбай Құттымбетұлы (Құтпанбетұлы) (1706-1781) – қазақ елінің жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысындағы көрнекті қаһарман, Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы. Атақты Аңырақай шайқасына қатысып, өмірі жоңғарларға қарсы соғыспен өткен. Наурызбайдың 1729 жылғы соғыста жекпе-жекте алдымен қалмақ батыры Шамалханды, одан кейін Қаскелеңді өлтірген ерлігі қазақ даласына кең тарады.
Әдеби-тарихи деректер мен ел есінде сақталған аңыз-әңгімелер Наурызбай батырдың халықтың ықыласына бөленіп, мақтанышқа айналуы 1727-1731 жылдардың шамасы екендігін меңзейді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қатарынан бірнеше рет қатты соққы беріп, ақыры үлкен жеңіске жетуі осы уақытқа сәйкес келеді. Алатау етегінде жоңғарлардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді атышулы батырлары өлім табатын сұрапыл шайқастарда Наурызбай батыр ересен ерлік көрсетеді. Қозыбасыда қалың қол бастап, бас батыр атағына ие болады. Наурызбай батырдың өмірінің бір сәті Ресей патшалығының 1742 жылы күзде жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенге жіберген елшісі Карл Миллердің күнделігінде Шапырашты Наурызбай батырдың ауылына келгендігі жөнінде деректер сақталған.
Наурызбай орыстарға, Қоқан әскерлеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында жүрді. Қазақ мемлекетінің мүддесін қорғауда асқан батылдық танытты және Кенесары ханның адал да абыройлы қолбасшыларының бірі еді. Наурызбайдың теңдесі жоқ батырлығын жаулары да мойындаған. Оның «оң қолында төрт жігіттің күші бар» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ішіне қорғасын құйылған найзасы бар ол жансерігі Ақауызға мініп, «Абылай!» деп ұрандап шапқанда, дұшпандары оны алыстан таниды екен. Наурызбай жасағы қазақ әскерінің алдыңғы сапында, аса жауапты тапсырмаларды орындап отырған.
Бір күні Наурызбай қасына жолдастарын ертіп, көп жасаған дана қарт Абызға өзін сынатпаққа келеді. Сонда Абыз: «Е, Наурызбай, менің жасым 120 ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа 20-25 тен аспассың, дүниеден арманда қалма!» деген екен.
Басбатыр шоқысына 2003 жылы Наурызбай батыр сынтасы орнатылған. Ұшар басында бөрілі байрақ желбірейді. Ту тіккен төбенің етек жағындағы Наурызбай батыр кесенесіне жолаушылар кіріп, тағзым жасап, батырға қатысты ақпаратпен танысады.
Жергілікті қариялардың айтуынша, Наурызбай батыр кесенесі тұрған тұста балшықтан салынған күмбез болған. Ішінде ертоқым болған деседі. Кесененің топырағы аппақ болған екен. Дегерестің топырағы қызыл сары, немесе қара болып келеді. Сондықтан мұндай аппақ топырақты кесенені орнату үшін батырға құрмет ретінде бір жерден алдырған болуы керек.
Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –321-323-бб.; Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –312-б.; Құттымбетұлы Наурызбай (1706-1781) // Елтұтқа: Ел тарихының әйгілі тұлғалары. –Астана, 2001. –161-162 б.