ТАМАНЫҢ КӨК МЕШІТІ

ТАМАНЫҢ КӨК МЕШІТІ

Көк мешіт (ХХ ғ. басы) – мешіттен, медреседен, тұрғын үйден тұратын кешен. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ор ауылында орналасқан. Зерттеуші С.Е.Әжіғалидың 2010 жылы «Хан моласы» қорымы және оның тарихи аймағы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебінде Ор ауылындағы мешіт кешені деп көрсетіліп, жалпы сипаттама берілген. Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, кешен 1902-1905 жылдары тама руынан жиналған қаржыға тұрғызылған, сондықтан да мешіт «Таманың көк мешіті» деп аталады. Басында мешітті басқа жерден салу жоспарланған, жерді таңдап жүргенде татар шебері сөйлегенде дауысының жаңғырығы жақсы естілетінін көріп, осы жерге салуды ұйғарған.

Елек, Ор, Жем өзендері бойындағы бұл жалғыз мешіт тіктөртбұрышты, солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан бір қабатты ғимарат болып табылады. Ғимараттың іргетасы тастан қаланып, қабырғасы өңделген қара тастардан саз балшықпен қаланып салынған. Ғимараттың үстіңгі жабыны ағаш бөренелер арқылы, ал шатыры жалпақ қаңылтыр металмен жабылған. Жалпы медресе төрт есік және жеті терезе ойықтарынан (шығыс жағындағы бір терезе есікке айналған) тұрады. Мешіттің ашылу салтанатында Тама Қосуақ ақсақал шамамен бір жарым сағат бойы бата берген. Бұхарадан діни білім алып келген Тобажан деген кісі мешітке алғаш рет имамдық еткен. Оны халық Сары ишан деп атаған. Тобажан ишанның дауысының зор болғандығы соншалық, ертеңгі таң намазына азан шақырған кезде дауысы 15-20 шақырым жерге дейін естілетін болған.

Ембі, Ащысай ауыл тұрғындарының барлығы Көк мешітке жұма намазына барып намаздарын оқыған. Кеңес үкіметінің кезінде мешіт айшығы мен күмбезін сол жердің басқарушысы болған Беляков және Боранбай деген кісілер трактормен тартып құлатқан. Бірақ бір жылға жетпей екеуі де бүкіл отбасымен қырылып қалған.

Қазіргі таңда ғасырлар бойына бабалар мұрасы болып тұрған мешіт қабырғалары құламай қаз қалпында сақтаулы тұр. Мешіттің жанында кезінде балалар оқып, білім алған, тастан қаланған медресе бар.

 

Сілтеме:Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –123-б.; 2. Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана: 2018. –109-б.