СҮНДЕТ КЕСЕНЕСІ

СҮНДЕТ КЕСЕНЕСІ

Сүндет кесенесі (ХІХ ғ. екінші жартысы) – сегіз қырлы, күмбезі дулыға тәрізді сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылынан 68 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан. Кесенені зерттеушілерге Т.К.Басеновтың («Сам өңіріндегі сәулет ескерткіштері») және С.Е.Әжіғалидың («Батыс Қазақстандағы сәулет-өнер экспедициясының жұмыстары есебі») еңбектерін жатқызуға болады.

Құрылыс салу барысында шебер қабырғаны қалаудың және күмбез астындағы конструкцияны орнатудың дәстүрлі әдістерін сақтаған. Кесене өзінің сыртқы құрлымының тұтастығымен, алдыңғы беттегі ою-әшекейлердің геометриялық дәлдігімен қызықтырады.Алдыңғы қабырғасы мен маңдайшасы бедерлі оймыш және түйе табан өрнекпен нақышталған. Әр қабырғасында ою-өрнекпен безендірілген садақ ұшы тәрізді ойықтар бар. Ішкі жағын нақыштауда түрлі-түсті бояулар пайдаланылған. Сүндет күмбезінде құрылыс материалы ретінде Маңғыстауда жиі кездесетін ұлутас қолданылған. Ескерткіштің аумағында кесенеден басқа 1 сандықтас, 20-дан аса тас қабірүсті қоршаулар және 6 құлпытас бар.

Сүндет – ХІХ ғ. өмір сүрген тұлға. Сүндет халық жадында әділ сот және халық арасындағы әртүрлі дауларды әділ шешуші бітімгер ретінде сақталған. Ел аузындағы аңыз бойынша, Сүндеттің кесенесін ХХ ғасырдың басында оның ұлы Ағысбай тұрғызған. Ол кесенені Меккеден қажылықтан оралған соң, Жем өзенінің жағасына бес ұлымен бірге салғызған. Зерттеушілер М.Меңдіқұлов және С.Е. Әжіғалидің болжамдары бойынша, ескерткіш ХІХ ғасырдың екінші жартысына жатқызылған. Кесенені халық сәулетшісі Дәулетнияз шебер салған деп есептелінеді. Ғимарат, шебердің жоспары бойынша, архитектуралық ерекшеліктері жағынан осы аймақтағы ешбір құрылысқа ұқсамайтын, сегіз қырлы етіп салынған. Бұндай кесене Жем-Сағыз қайнар үстірттің үстінде кездеспейді.

 

Сілтеме:  Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –115-б.;  Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –107-б.