Бұл кешен Қазақстанның ежелгі тас ғасырының археологиялық ескерткіштерінің бірі болып табылады. Төлеубұлақ петроглифтері Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында Бұлақты ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 13 шақырым, Төлеубұлақ қыстауы маңында орналасқан. Үңгірдің петроглифтері Мұғалжар ауданындағы тас ғасыры тұрақтарын зерттеген біріккен халықаралық Қазақстан-Ресей экспедициясымен (жетекшілері: Ресей ғылым академиясының академигі, археолог А.П.Деревянко, профессор В.Т.Петрин, Ж.К.Таймағамбетов және т.б.) 2000 жылы анықталып, ғылыми айналымға енгізілді. 2006 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының маманы, тарих ғылымдарының кандидаты З.Самашев зерттеу жұмыстарын жүргізді.Ескерткіш Жем өзенінің жоғарғы бөлігіндегі Мұғалжар таулары маңындағы Төлеубұлақ үңгіріндегі ежелгі суреттер (петроглифтер) болып табылады. Төлеубұлақ ескерткіші алғашқы қоғам тұрғындары өмірінде қасиетті орын болып саналған және табытхана (үңгірді құнарлық және судың қасиетімен байланысты рәсімдер жасау үшін) есебінде оларға қызмет атқарған болуы мүмкін. Бұған үңгірдің астыңғы жағында тереңдігі 6 см және диаметрі 17-25 см болатын суреттер дәлел. Кішкене үңгірде тұяққа және саңырауқұлаққа ұқсас петроглифтер, антропоморфтар және терең сызықтар кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, жоғарыда аталған символдар палеолит, мезолит және неолитте тараған болуы мүмкін.Төлеубұлақ үңгірі және оның айналасы адамдарды ежелгі кезден бастап қызықтырған. Ескерткіштің жанында палеолиттік тұрақтар және тас артефактілері шоғырланған шеберханалар тіркелген.
Сілтеме: 1. Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –124-б.; 2. Қасиетті Қазақстан. 2-том. –Астана, 2018. –117-б.