БЫТЫҒАЙ КЕСЕНЕСІ

БЫТЫҒАЙ КЕСЕНЕСІ

Ботағай (Бытығай/Татағай) күмбезі – ХІ-ХІІ ғасырларда салынған сәулет өнері ескерткіші. Ақмола облысы Қорғалжын ауданының орталығынан шығысқа қарай Нұра өзенінің сол қапталында екі шақырым қашықтықта орналасқан. Ботағай кесенесі ерте замандардан келе жатқан бай тарихымыздың куәгері. Алғаш рет қазақ даласын шарлаған ресейлік елші-барлаушылар Ф.Скибин мен М.Трошиннің белгілеуімен 1694 жылы кесененің империялық картаға сызбасы алынған. 1762 жылы кесене туралы ең алғашқы жазбаша хабарды жазған ғалым П.И.Рычков: «Татағай – Қырғыз-қайсақ ортаңғы ордасындағы үлкен қаланың қирандылары, ол Қорғалжын көліне құятын Нұра өзенінің бойына орналасқан қала. Белгілері бойынша, осы қаланың көлемі он шақырымдай болған, сондай-ақ бұл жерден сарайларға ұқсаған төртбұрышты үйлер көрінеді, олардың көптігі (үлкендігі) соншалық – округта үш жүз сажындай. Онда бір мешіт және көптеген қираған тас құрылыстар бар», – деп анықтама береді. Кесенеге топограф И.Шангин (1816 ж.), орыс барлаушысы Демидов (1825 ж.) инженер Сотник Шахматов (1830 ж.) зерттеу жұмысын жүргізген. 1862 жылы Ботағай кесенесінің суретін қазақтың ұлы этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов салды. Академик Ә.Марғұлан 1973 жылы арнайы археологиялық топ құрып, нысанға кешенді зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, жәдігерге «еліміздегі сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгісі» деген баға беріліп, бұл нысан көшпелі қазақ ордасына тән мұра екені нақтыланған.

МАВЗОЛЕЙ БОТАГАЙ

Ботағай кесенесі ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін жақсы сақталып, өкінішке орай, кейін қираған құрылыс үйіндісіне айналды. 2012 жылы ортағасырлық «Ботағай» кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Аңыз бойынша, «Ерте замандарда шебер ұста-құрылысшы, алып Бытығай есімді адам өмір сүріпті. Ол кедей екен, сондықтан өзінің қолөнерімен ғана күнелтіпті. Оған екі қолтығына екі бөрене қыстырып алып, Нұра өзенінен аттап өту түк емес екен. Әлдебір хан көзі тірісінде өзіне кесене салуды ұйғарып, сол үшін ұста Бытығайды шақырады. Бытығай құрылысқа кірісіп кетеді де, көп ұзамай Нұра өзенінің жағасында керемет, әсем өрнектелген кесене бой көтереді. Хан шеберлігі үшін ұстаның ісіне тәнті болады. Ал Бытығай сол арадан көпір сала бастайды, қазір де ол Бытығай өткелі деп аталады. Көпірді салу кезінде бөрене ұстаның үстіне құлап, ол дүние салады. Хан қайғырып, халықты жинап: «Бытығай тамаша адам және керемет ұста еді. Маған арнап салынған кесенеге соны жерлеуді ұйғардым. Есімі халықтың жадында мәңгі қалсын», – дейді. Біздерге ұста Бытығай туралы естелік Бытығай тамы, Бытығай өткелі, Бытығай соры деген атаулармен жетсе, ал ханның есімі ешкімнің де есінде қалмаған».

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –198-200 бб.; Валиханов Ч.Ч. Зарисовки, этюды и чертежи… // Собр.соч. в пяти томах. –Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1972. –Т. V. –527 с.