ҚОРҒАЛЖЫН МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫ

ҚОРҒАЛЖЫН МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫ

Қорғалжын қорығы – Ақмола облысы Қорғалжын аумағында, Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 120 шақырым жерде орналасқан экскурсиялық нысан. 1957 жылы «Теңіз көлі аңшылық қорықшасы» деп жарияланды, 1968 жылы Үкімет қаулысымен қорық қайта құрылды. Аумағы – 258 963 га. ХХ ғасырдың басында бұл жерде 130 шақты көл болды, бірақ шаруашылық іс-әрекеттердің нәтижесінде 60-тай көл қалды. Халықаралық маңызы бар қорғауға алынған батпақты-сулы жерлердің тізіміне Қорғалжын, Теңіз көлдері енгізілген. Әлемде қоныс аударатын құстардың 8 жолы бар. Олардың үшеуі осы қорықтағы Теңіз көлін басып өтеді. Сол себепті бір Қорғалжынның 70-ке жуық көлінде миллиондаған құстар мекендейді. 2007 жылы бұл көлдерге халықаралық деңгейдегі орнитологиялық регион дәрежесі (ІВА) берілді.

Қорғалжын қорығы әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» тобына кіреді. Қорғалжын көліндегі тұздың мөлшері теңіз суының тұздылығынан бес-алты есе асып түседі. Бұл – алқызыл қоқиқаздардың солтүстіктегі жалғыз мекені. Қоқиқаздар Иран, Үнді және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырады. Бұрын бұл құстар 100-150 мыңдап ұшып келетін. Ал соңғы кездері 20-50 мыңнан аспайды. Олардың қорегі – артемия салина деп аталатын құрт. Артемия құрты тұзды көлде болады. Жылда мамыр айында осында келіп балапандайтын қоқиқаздар салқын түсе жылы жаққа кетеді. Қоқиқаздар өте сақ келеді. Қасына бармақ түгілі, маңына да жақындау мүмкін емес. Қорғалжын қорығының бетке ұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келушілер жақын баруға тырысады. Ал, жалпы Қорғалжын қорығын 340 түрлi құстар мекендейдi. Оның 126-сы ұя басады.

Құстардың 32 түрi Қазақстанның «Қызыл кiтабына» 26 түрi Халықаралық «Қызыл кітаптың» тізіміне енгізілген. Теңiз көлiнiң аумағына, судың байлығына қараса 15 млн құстарды асырауға мүмкiндiгi бар.

 

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –62-63 бб.;  Қасиетті Қазақстан. 1-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. –122-б.