Болған ана кесенесі
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Қарағанды облысы
Киелі орынҚарағанды облысы

Болған ана кесенесі

Деректерде Болған ана Алаша ханның келіні делінсе, келесі бір аңыз бойынша, осы жерде шамамен XV ғасырдың басында жоңғарлар келгенше Орталық Қазақстанда билігі жүрген патшайым болған дейді.

47°29′ с.е. · 68°00′ ш.б.

Кесене – Орталық Қазақстандағы Алтын Орда кезеңінің (ХІV-ХV) ең көрнекті ескерткіштерінің бірі, сәулет өнерінің үздік туындысы. Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір мен Сарысу өзендерінің құйылысқан жерінен 3 шақырым жоғары орналасқан. Кесенені 1990 жылы Алматы архитектура және құрылыс институтының экспедициясы (жетекшісі Е.Бәйтенов) зерттеген.

БОЛҒАН АНА КЕСЕНЕСІ

Көрнекі жерге салынған Болған ана күмбезі алғашқы нұсқаларында өте әдемі болғанға ұқсайды. Кесене құрылымы бойынша бір бөлмелі, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Касбетіндегі арқалы, порталды кірер аузының айналасы қуыстана қаланып, қабырғаның өрнегі ретінде жасалған. Бөлменің төменгі шаршы бөлігінің күмбез шеңберіне өтер тұсындағы бұрыштары арқалы тромпты тәсілмен өрілген. Тромп қолтықшалары қосарланған кірпішті қиғаштау бұрышын шығара қалау арқылы өрнектелген. Бас қасбет-портал екі П әрпі тәрізді белдемшелермен сәнделген, олардың бірі геометриялық ою-өрнек болған. Бұл күнде өрнектелген кірпіштің бір-екісі ғана сақталған.

Болған ананың өмірде кім болғандығы жөнінде түрлі деректер кездеседі. Соның бірінде Болған ана Алаша ханның келіні делінсе, келесі бір аңыз бойынша, осы жерде шамамен XV ғасырдың басында жоңғарлар келгенше Орталық Қазақстанда билігі жүрген патшайым болған дейді.

Тағы бір аңызда Болған бикенің жарты әлемді жаулап алған атақты Шыңғыс ханның немересі екендігі айтылады. Оған дәлел ретінде, сонау 1211 жылы Болғанның қаңлы мемлекетінің ханы Сығанақ-тегінге (кейбір тарихи туындыларда Суқнақ деп жазылған) ұзатылғандығы туралы бұдан сегіз ғасырдай бұрын араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған ғұламалардың жазбалары себеп болса керек. Рашид-ад-Диннің жазбаларында, академик В.В.Бартольдтің еңбектерінде Болған ананың (Болған бегі) Жошы ханның қызы болғандығы жазылады.

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –256 б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана: 2019. –130-б.