Дулығалы мешіті
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Қарағанды облысы
Киелі орынҚарағанды облысы

Дулығалы мешіті

Мешітті салған Бердікей Талпақ деген шебер. Мешіт жобасын Бұқара үлгісімен 9 күмбезді қылып Құлмұхамбет ишанның өзі сызыпты. Әр кірпішті құюға атсалысып, оның бетіне арабша жазу түсіріп, ою-өрнектермен әшекейлеуді басты назарда ұстаған.

48°32′ с.е. · 65°42′ ш.б.

Дулығалы мешіті Қарағанды облысы Ұлытау ауданы, Ащылы өзенінің бойында, Қарсақпай кентінен 135 шақырым жерде орналасқан. Сырты қызыл кірпіштен қаланған 24 бөлмеден тұратын мешіт-медресені Дулығалы, Ащылы өзендерінің бойын мекендеген Құлмұхамбет Арыстанбайұлы (шамамен 1902-1906) салдырған.

Құлмұхамбет Арыстанбайұлы ишан аса діндар, өнерлі, дарынды тұлға болған. Әкесі оны жас кезінде арабша тіл сындыру үшін Бұхара, Самарқандқа оқуға жібереді. Сол жерден құран-қари және ишан дәрежесінде хатым-шарт алады. Сол елдің ірі орталығындағы бір мешітте қызмет қылып, тәжірибе жинайды. Сонымен бірге медицина, зергерлік, ұсталық, ағаш шебері, құрылыс саласын қоса меңгереді. Жат жерде жүріп жиған-терген өнерін елге үйретуге ұмтылған ол елге он алты жылдан кейін бір-ақ оралады. Елде ишан мешіт-медресе салдырып, бала оқытады, халықтың діни сауатын ашуға көмектеседі.

Мешітті салған Бердікей Талпақ деген шебер. Мешіт жобасын Бұқара үлгісімен 9 күмбезді қылып Құлмұхамбет ишанның өзі сызыпты. Әр кірпішті құюға атсалысып, оның бетіне арабша жазу түсіріп, ою-өрнектермен әшекейлеуді басты назарда ұстаған. Ишан кесек құятын қалыпты өзі үш жыл шапқан екен. Кесек күйдіретін пеш салуға да қатысыпты. Қалыптың дайын болу барысына қарай уақыт өткізбей, дереу кесек құйып, күйдіріп отырған. Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Науырзымнан тасыған. Құрылыс 1920 жылы бітеді. Оған дейін балалар мешітте оқиды. Арнайы шақырылған Ғалиулла деген татар орысша дәріс береді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс басталғанда қыпшақ руының бас көтерер азаматтары осында бас қосып, алдағы жоспарларын құрған деген ақпараттар бар.

1937-1938 жылдарға дейін мешіт сау күйінде сақталып, одан кейін кірпіштері колхозға алыныпты. Құлмұхамбет ишан 1916 жылға дейін қайтыс болса керек. Оның игі ісін жалғастырушы Абдрахман ишан, Бірмағамбет ишан деген адамдар болған.

Сілтеме: Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –253-б.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –136-б.