Жұбан ана кесенесі
  1. Басты бет
  2. Қазақстан
  3. Қарағанды облысы
Киелі орынҚарағанды облысы

Жұбан ана кесенесі

Бұл кесене орта ғасырдан «Әулие мола» ретінде құрметтелген.

48°39′ с.е. · 70°26′ ш.б.

Жұбан ана кесенесі (Жуан әулие күмбезі) – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы 189-разъезден солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жердегі Сарысу өзенінің оң жағасындағы төбешікте орналасқан ХІ ғасырда орнатылған архитектуралық ескерткіш. 1940 жылға дейін жақсы сақталған. Күмбездің жартысы құлап, ортасына түскеннен кейін жергілікті халық кірпіштерін пайдаланған.

Жұбан ана кесенесінің сәулеті бірегей болып табылады, оны құрған шебер абсолюттік түрде нақты инженерлік есептерді талап ететін күрделі құрылыс амалдарын пайдаланған. Кесене VIII-IX ғасырлардағы қыпшақтар қолданған сәулет өнерінің үлгісімен салынған. Күмбезі төртбұрышты текше жобамен салына отырып, қабырға қалауының үстінен барабан (мойындық) шығарылған, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төртбұрышында сүйірлеп шығарған михрабтары бар. Есігі оңтүстік-шығыс жаққа қаратылған. Күмбезі мен мойындығы шаршы кірпіштен өрілген.

1946 жылы кесенені ҚазКСР Ғылым академиясының Орталық-Қазақстандық археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) зерттеген. Жұбан ана кесенесі туралы алғашқы жазба дерек 1762 жылы жарияланған П.И.Рычковтың «Оренбургтопографиясы» еңбегінде табылған. 1863 жылы қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов ескерткіш жайында кішігірім мақала жазып, оның жоба-суретін алғаш сызып қалдырады. Онда жергілікті халықтың бұл кесенені «Әулие қабірі» деп атайтындығын жазады. Рашид-ад-Диннің жазбалары бойынша, Сарыарқаның байырғы қаласы Жубанч деп аталған, ол Жұбан ана кесенесі салынған Сарысу өзенінің жағасында орналасқан. Джувейни бойынша, қаңлы басшыларының ордасы Торғайдағы Қарақорым болды.

Жұбан ана кесенесіне қатысты бірнеше тарихи аңыз бар. Біріншіден бұл кесене орта ғасырдан «Әулие мола» ретінде құрметтелген. Тарихи аңыз желісінде Алтын орда дәуірінде Сарысу өзені бойында Талмас ата өмір сүрген екен. Талмас атаның Желмая түйесі болса керек. Алғашқы күні Жұбан анаға тоқтап, сонан соң Сарысуды бойлай Болған ана, Белең аналарға сәлем береді. Желмая түйесі Жетіқоңыр құмын, Сарысуды жағалағанда желдей есіп отырады екен. Әулие кесенені халық кейінгі уақытқа дейін қастерлеп келді.Бұл жерге жолаушы басына қонып, әйел заты құдайдан бала сұрап зиярат етуге келіп отырған.

Сілтеме: Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. –Астана: Фолиант, 2017. –173-174 бб.; Қасиетті Қазақстан. 3-том. –Астана, 2019. –149-б.